423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте өтіп жатқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде карантин талаптары бұзылған

  • 155
  • UPD: 12:58, 21.10.2020

Мұндай шешімді мониторингтік тексеру барысына талдау жасаған санитар дәрігерлер мәлімдеді.

Олардың айтуынша, жәрмеңкеге келген тұтынушылардың температурасы тексерілмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал сатушылардың дені бетперде тақпай, сауда-саттық жасаған. Қазір Шымкентте жәрмеңке аптаның сәрсенбі және демалыс күндері өтеді. Оған жергілікті билік рұқсат берген.

Нұрбек Байбосын, тілші:

– Азық-түлік жәрмеңкесі бүгін ескі мәдениет сарайы маңында өтіп жатыр. Сағат таңғы 8-ден келген тауар өндірушілер тұтынушыларына қызмет көрсетуде.

Жәрмеңкеге тұрғындар әлі де асықпай келіп жатыр. Ал санитарлық талап негізі кіре берістен басталған. Бұл жерге дезинфекциялық дәліз орнатылған. Алайда бұл құрылғы істен шығыпты. Ал мұнда келушілер бетпердесіз, дезинфекциялық дәлізсіз сауда саттық жасап жүр. Әлеуметтік қашықтықты сақтау әрине қиындау. Себебі бағаларға үңілген халық ара қашықтықты сақтай бермейді. Ал тауарлардың бағасының қымбаттығына осында келген біраз тұтынушылардың шағым айтқанын естідік. Дәл осындай жәрмеңкелер аптаның үш күнінде қаланың 4 ауданында өткізіледі. Демалыс күндері көптеген сауда орындары жабық тұрады. Тек ашық аспан астындағы базарларға ғана рұқсат етілген. Ондай орындар шаһарда санаулы ғана. Ал жәрмеңкенің ұйымдастырылу барысы санитар дәрігерлердің бақылауында. Дегенмен сала мамандары мониторинг барысында карантин талаптары сақталмаған жағдайларды анықтаған. Осы жөнінде сұхбатқа назар аударсақ.

Клара Адырбаева, Еңбекші аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

– Өткен апталарда жәрмеңкеге қатысты бірнеше карантин талабы бұзылған деректер анықталды. Ол жерде келушілердің барлығының дене қызуы тексерілмеген. Сатушылар мен тұтынушылардың жеке басын қорғайтын қорғаныш құралдары болмай шықты. Мамандар дезинфекциялық дәліздің істен шыққанын анықтады. Карантин талаптарының сақталмауына қатысты шара қолданылу үшін жауапты мекемелерге хат жолданды. Қала әкіміне де хабарланды.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл іске қатысты әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынбақ. Ал жәрмеңкені түбегейлі тоқтату бойынша әлі де шаралар қарастырылады. Егер де қалада науқастар саны артса, онда көпшілік адам жиналатындықтан, жәрмеңке болмауы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы