Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері 22 қазанда Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында «Спрут-2020» кешенді жедел-тактикалық оқу-жаттығуын өткізді, деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Оқу-жаттығудың мақсаты терроризмге қарсы шараларды өткізу және төтенше жағдайларды, мемлекеттік шекараны жаппай заңсыз кесіп өтуді оқшаулау ықтималдығы кезінде бірлескен тактикалық іс-қимылдар барысында ҚР ҰҚК бөлімшелерінің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болды.
«Спрут-2020» кешенді жедел-тактикалық оқу-жаттығуы Ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшелерінің халықаралық терроризм мен экстремизмнің өзге де көріністерінен туындайтын қауіп-қатерге қарқынды қарсы тұру ісінде күш-жігерін біріктірудегі кезекті қадам болды.
Сонымен қатар шара барысында жағдайды бағалауға бірыңғай тәсілді және террористік қауіп-қатер әкелушілер мен олардың қайнаркөздерін жоюға бағытталған тиімді шаралар жүйесін әзірлеу пысықталды. Оқу-жаттығу қорытындылары бойынша бөлімшелер қойылған міндеттерді сәтті орындап, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы тарапынан жоғары баға берілді», - делінген хабарламада.