423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда қоғамдық кеңестердің маңыздылығы артады

  • 134
  • UPD: 21:35, 23.10.2020

Елімізде орталық және жергілікті билік органдарының жанынан 234 қоғамдық кеңес құрылды. Олардың құрамына қоғамның түрлі топтарының мүддесін қорғайтын 3 жарым мыңға жуық белсенді азамат қосылды. 2016 жылдан бастап қоғамдық кеңестер 19 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акт жобаларын қараған. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Президент Жолдауын түсіндіру барысында айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген «Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қазір Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Мұның алдында құжат үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылықтың  кеңінен талқылауынан өткен болатын. Өзгерістер негізінен кеңестерді қалыптастыру тетіктерін жетілдіруге, кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтатуға және қоғамдық кеңестердің құқықтары мен өкілеттіктерін кеңейтуге қатысты болады. 

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Бір мың 500-ден астам қоғамдық талқылау жүргізіліп, солардың ішінде сумен жабдықтау, санитарлық ахуалды жақсарту, медицина мен білім беру саласындағы қызмет көрсету сапасы сияқты басқа да тақырыптар қамтылды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган болады. Және мемлекет басшысына ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы жыл сайын есеп беріледі. Сонымен қатар, елде электронды петиция жүйесін енгізу жоспарлануда. Ұжымдық үндеудің бұл түрі, жалпы қоғамдық бақылау заңнамалық деңгейде реттеледі.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Күн сайын түрлі деңгейде көкейкесті сұрақтар көтеріледі.Осыған байланысты Ақпарат министрлігі петиция тәжірибесін нақты із жүзінде қолданатын әлемнің 30-ға жуық елінің тәжірибесін зерттеді. Көптеген елдерде ұжымдық өтініш білдірудің электрондық формасы болып саналады. 

Министр сондай-ақ дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу институттарын дамыту керектігін айтты. Қазақстандық қоғамда жанжалды негізінен сот арқылы реттеу кең таралған. Бұл азаматтар мен соттардың жүктемесін көбейтеді. Тараптардың уақыты мен қаражаты жоғалады. Осыған байланысты ведомство басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтқан тапсырмаларын орындау маңыздылығына баса мән берді. Осылайша министрлік медиация мәселесінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің үздік дәстүрлеріне сүйенуге ниетті.

Автор: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы