422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда отбасы институтын қолдау орталығы ашылды

  • 175
  • UPD: 19:23, 25.10.2020

Қала билігінің көздегені – көпбалалы жұмыссыз аналардың кәсіп бастап, өз бетімен табыс табуына жол ашу.

Орталық жұмысын бастаған алғашқы күннен-ақ, онға тарта әйел көмек сұрап хабарласыпты. Қазір олар тігін шеберханасы, массаж, шаштараз және косметикалық қызмет көрсету кабинеттерін ашып, тұрақты жұмыс істеуге көшкен.

Мұхаббат Реймова – отбасын қолдау орталығында тігіншілік кәсіп ашқан әйелдің бірі. Ол ою-өрнекпен көмкерілген қыз-көйлек, кәжекейден бөлек құрақ көрпелерді де шебер пішеді. Айтуынша, жастайынан әжесі қолөнерге баулыпты. Өз қолымен тіккен бұйымдарды қазір әлеуметтік желілер арқылы саудалап, ақша тауып жүр. Жолдасының тұрақты табыс көзі жоқ. Төрт балалы жанұя соңғы 7 жылдан бері қала сыртындағы әлеуметтік нысанды паналап отыр. 

Мұхаббат Реймова, қала тұрғыны:

– Қыз жасауына, құрақ көрпеге отырғаныма осымен сегіз жылдай болды. Осы уақытқа дейін үйде тапсырыс қабылдап келдім. Осы жерге мені шақырып, кабинет арнап бөлме беріп жатыр. Көптен көп алғысым бар. Әрі қарай тапсырыстар көбейіп жатса, қасыма көмекші де алғым келеді.

37 жастағы Айнұр Айтқалиқызы 6 бала тәрбиелеп отыр. Әр перзенті аяғына тұрғанша өз жағдайында массаж жасап келген. Кейін арнайы курсты аяқтап, біліктілігін шыңдапты. Жұмыс сұрап келген келіншекке орталық мамандары бірден кең кабинет ұсыныпты. Қазір мұнда алдын ала жазылу арқылы балаларды қабылдайды. Уқалап-сылап сәби ағзасын ширатып қана қомай, түрлі жаттығулар жасату арқылы тезірек жүріп кетуіне көмектесіп жүр.  

Айнұр Айтқалиқызы, қала тұрғыны:

– Гепоксия, гипертонус, гипатонус, кривошея, дисплазия ауруларын емдеймін. Динамикалық гимнастикалар баланың көңілін көтереді. Жауырыны жабысып қалған балалар көп келеді. Жанұя орталығынан маған кабинет ұсынып жатыр.

29-шағын ауданда ашылған әлеуметтік кешенді халыққа қызмет көрсету орталығымен теңестіруге болады. Өйткені мұнда отырған жұмыспен қамту, білім бөлімі және қаржы институттарының қызметкерлері тұрғындарды қабылдайды. Жауапты мамандар келер жылдан бастап жұмыссыз азаматтарға әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша кеңес беріле бастайтынын айтып отыр. 

Гүлнәр Қайырлиева, «Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім» ММ басшысы:

– Әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз, бұл ретте әлеуметтік осал топтардың кәсіпкерлікпен айналысып, не болмаса тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беру жолдары қарастырылады. Орталықта қазір жүрген көп балалы аналардың барлығы бірдей бизнес-дәрістерді оқыған. Енді олар өз бетімен табыс тауып қана қоймай, өзгелерді де еңбекке баули алады.

Қорыта айтсақ, жұмыссыз ретінде тіркелген қыз-келіншектердің еңбекке араласуына осылайша мүмкіндік жасалуда. Ертеңгі күні олар тәжірибе жинап, кәсібін өрлеткен соң өзгелерге шеберлік сағатын өткізіп, өз білгенімен бөлісе алады деген сөз.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы