423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда үш жыл бұрын ғана салынған жаңа үй сыр берді

  • 298
  • UPD: 20:55, 28.10.2020

Құбыры жарылып, жертөлесі суға толған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан сыз тартқан қабырғалары сөгіліп, сыртқы кірпіштері түсіп жатыр. Тұрғындар көмек сұрап, әкімдікке хат жазған. Бірақ еш нәтиже жоқ. Тіпті бұл үй ешбір коммуналдық қызметтің балансына кірмеген.

Майқұдық ауданындағы тоғыз қабатты үй осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген. Сол кезде кезекте тұрған көпбалалы 120 отбасы жалдамалы пәтерге қоныстанған еді. Енді олар баспана құнын 20 жыл ішінде төлеп бітуі тиіс. Алайда тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады. Сапасыз салынған үйдің жыл сайын бір жерінен ақау шығады дейді олар. Жуырда магистральды құбыр жарылып, барлық су жертөлеге аққан. Соның салдарынан қабырғалары сыз тартып, сөгіліп жатыр.   

Әйгерім Әкімжанова, қала тұрғыны:

– Құбыр жарылды. Оны жөндеуге ешкім келмей жатыр. Көріп тұрсыздар, не әкімдік жоқ, не жылутранзит жоқ. Ешкім де жауап бермейді. Бәрі бір-бірлеріне сілтейді. АТП-ны тұрғындар өзіміз ауыстырдық. Өте көп ақша жинадық, бір деталіне 260 мыңдай ақша кетті.

Ермек Бексұлтанов, ПИК төрағасы:

– Магистральден жертөлеге тартылған құбыр әу баста ескі болған. Оны осындағы тұрғындар өз көзімен көрген. Шіріген құбыр әрине жарылады. Қазір жертөледегі үш сорғының да біреуі істен шықты. Қалғандары бұзылатын болса, үй ауызсусыз қалуы мүмкін.

Тұрғындар құбыр жарылған кезде көмек сұраған. Алайда үш жыл бұрын салынған үй ешбір коммуналдық қызметтің балансында болмай шықты.

Серік Ысқақов, Октябрь аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

– Өкінішке қарай, инженерлік жүйе қызмет көрсететін мекеменің балансына берілмеген. Әлі күнге құрылысты салған мердігер компанияға тіркеліп тұр. Біз қазір арнайы комиссия құрып, құжаттарды коммуналдық қызметке тездетіп өткізу жағын қарастырып жатырмыз. Ол шаруа аяқталғанша, үйдің жағдайын біз бақылауда ұстаймыз.

Сапасыз салынған үйдің сыртқы кірпіші де құлап жатыр. Тұрғындар балалары үшін алаңдайды. Маңайына ешқандай қоршау қойылмаған. 

Әсел Дәулетқызы, қала тұрғыны:

– Үйдің сыртындағы кірпіштер де құлап жатыр. Ертең балалар далада ойнап жүріп, біреудің басына түсетін болса, үлкен қауіп. Сонымен қоса бізде шатырдан, яғни жаңбыр жауса 10 қабатта тұратын тұрғындарды су алып кетеді. Яғни, шатыр дұрыс жасалмаған. Сонымен қоса есік алдында балалар алаңы жоқ. Ал бізде мұнда 108 жас отбасы тұрады. Яғни 29 жасқа дейінгі жас отбасыларға берілген-тін. Әр үйде кем дегенде 2-3 баладан бар. 

Құжат бойынша әлеуметтік баспана 9 қабатты. Бірақ қазір 10, яғни үйдің техникалық қабатында да бірнеше отбасы тұрып жатыр. Демек ондағы пәтерлер заңсыз салынған. Ең сорақысы, олар пайдаланған коммуналдық қызмет ақысын 9 қабаттың тұрғындары бірігіп төлеуге мәжбүр екен. Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламамен салынған бұл үйді бір кездері қабылдап алған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы қазір қамауда отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы