423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бүгін Бүкіләлемдік қалалар күні

  • 132
  • UPD: 14:24, 31.10.2020

Осыған орай ел астанасы Нұр-Сұлтанның дамуына қатысты бірер ақпарат. Бас шаһар тұрғындарының жүріп тұруы ыңғайлы болу үшін алдағы жылы көпір құрылысы басталады және жаңадан жаяу жүргіншілер жолы салынады. Таяуда қабылданған Нұр-Сұлтанның 2030 жылға дейінгі даму жоспарында тағы қандай жобалар бар?

Қаланың дамуына енді тұрғындар атсалыса алады. Урбанист мамандардың айтуынша, мұндай жүйенің тиімділігі зор. Ең алдымен жоспарлау барысында көпшіліктің пікірі ескеріледі. 

Елнар Базыкен, қаланың урбанистика орталығының басшысы:

- Бұл тұрғындарға бар жауапкершілікті артып қоямыз деген сөз емес. Мәселен, балалар алаңқайын алайық. Ондағы жабдықтардың бірін өздері таңдап береді. Егер қаламаса, өзіміз жасап береміз. Әкімдік қашан да жауапты болады. 

Балалар алаңы ғана емес, көлік және жаяу жүргіншілер жолы да тұрғындарға ыңғайлы болуы тиіс. Бұл тұрғыда қалада атқарылатын жұмыс көп. Келешекте жолдардың тек 50 процентін көлік қозғалысына арнау көзделіп отыр. Яғни жаяу жүргіншілерге барынша жағдай жасалады.

Елнар Базыкен, қаланың урбанистика орталығының басшысы:

- Тұрғындардың 30 проценті жаяу жүргіншілер жолын жиі қолданады. Олар егде жастағы адамдар, аналар және балалар. Сондықтан мынадай жол өтпелерін салуымыз керек. Жер асты немесе жүр үсті салынатын өтпелердің қажеті шамалы. Ол үшін адамдар көтеріліп немесе түседі. Бұл өз кезегінде белгілі бір қолайсыздық тудырады. Осы ретте қала жерасты және жерүсті өтпелерін салуды енді жоспарлап отырған жоқ. 

Қалада алдағы жылы жаңа көпір құрылысы басталуы тиіс. Есіл өзені арқылы өтетін өткел көлік кептелісін азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ елордада енді үш бірдей орталық болады. Олар ескі қала, «Евразия» ауданы және «Нұрлы жол» желекжолы маңында орналасады.

Святослав Мурунов, ресейлік урбанист:

- Қала орталықтары мейлінше көп болуы тиіс. Шеткі аймақтардың сырт қалмауы маңызды. Өзіндік орта қалыптасқанда ғана, өсуге де жол ашылады. 

Елордалықтарды қаланың қазіргі даму қарқыны көңіл қуантады. Айтуларынша, бұрынғы кездермен салыстырғанда жағдай едәуір жақсарған. 

Еске салайық, елордада қазір өзен үстімен өтетін 6 көпір бар. Өзге елдің астаналарымен салыстырсақ, көрсеткіш аз әрине. Мәселен, Берлинде өткелдер саны 20-дан асады. Бұл ретте шаһар халқының санында айтарлықтай айырмашылық барын ескере кеткен жөн. Сондықтан бас қала дамуын жалғастыра береді және бұған тұрғындар өз үлесін қосуы тиіс. 

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы