423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Шаңырақ» бағдарламасына халықтың көңілі неге толмады?

  • 176
  • UPD: 21:52, 03.11.2020

«Шаңырақ» – шикі бағдарлама. Баспана нарығын зерттеп жүрген маман осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент пәрменімен іске аса бастаған бағдарламаға бұқараның көңілі неге толмай отыр? Елдің қалауы не?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– «Бұқараға болысатын бағдарлама» жасалды деп бөрікті аспанға атқан кезді айтамын. Осы жазда мұқым жұрт бас байғы болған баспана мәселесі ақыры шешілетін болды деп қуанып еді. Үй кезегінде тұрғандар шетінен қоныс  тойын тойлайды деп марқайғанбыз. Бірақ сол қуаныш су сепкендей басылды ма? «Шаңырақ» қандай бағдарлама? Елдің ұнжырғасы неге түсті?

Жаңадан салынып жатқан үйлердің саны тым аз. Елдің есін екеу, түсін төртеу қылып отырған – осы мәселе. Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Шамамен 150 мың отбасы баспаналы болады. Ауыз толтырып айтамыз ғой. Бірақ, шынтуайтында, бұл үй кезегінде тұрғандардың жартысын да баспанамен қамти алмайды.

Дәулет Төлеутайұлы, экономист:

– Биыл «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 17 мың адамға пәтер беру көзделген. Кезекте 600 мың адам тұр. Сонда жыл сайын 17 мың адамға ғана баспана берілсе, қалғаны қашан үйлі болады? Қарттық келіп, қаусап қалғанында ма?

Күрмеулі мәселе қазір көпті алаңдатып отыр. Кезекте тұрғандар: «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы екінші санаттағы үйлерді де сатып алуға мүмкіндік берілсе екен», – дейді. Халық сұраса, хан түйесін соймайтын ба еді?!  Үкіметтің бұқара базынасына құлақ асар түрі жоқ. Баспана бәріне жетеді деп міз бақпады. Рас, елорда мен Алматыда құрылыс қарқынды жүріп жатқан шығар. Ал өзге өңірлерде жаңа үйлер жаппай бой түзеді деп айту әсте қиын.    

Бағдарламаның шикі болатын жөні бар. Пилоттық жоба ретінде жүзеге асып жатыр ғой. Мамандар кем-кетігін түзеп, бұқара базынасына құлақ асар. Бастысы сол сенімге селкеу түсіп жүрмесін.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы