424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлдық мемлекеттік қызметкер жұмысын тастап, аспаз атанды

  • 85
  • UPD: 16:07, 15.11.2020

Заңгер еді, енді аспаз атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талғат Қасымов «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 500 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, дайын тағам өнімдерін шығара бастады.

Талғат Қасымовтың жұмыс орны – ас үй. 33 жастағы жігіт тапсырыспен түшпара, мәнті, қырыққабатқа оралған турама ет секілді өнімдер жасайды.

Талғат 7 жыл халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеді. Заңгер. Таңертеңнен кешке дейін жұмыста болатын ол бір күні қызметінен кетіп, аспаздыққа оқыды. Мемлекеттік бағдарлама аясында грант ұтып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір өз-өзіне бастық.   

Талғат Қасымов, қала тұрғыны:

– Кез-келген істі бастағанда өз-өзіңе қатаң шектеулер қою керексің. Алғашқы алты айдай ас үйде болдым. Ешқайда шықпадым. Аспаздық туралы кітаптар оқыдым, түрлі бейне сабақтар қарадым. Бәрі осылай басталды.

Талғат өнімдерін өзі дайындап, өзі жарнамалап, өзі жеткізеді. Оның бұл ісін жан жары – Наталья қолдады. Екеуінің Алан, Саян есімді ұлдары бар. Биыл олар баспаналы болып, жаңа үйден екі бөлмелі пәтер сатып алды.  

Наталья Мұхамеджанова, қала тұрғыны:

– Бұл әр адамның қолынан келеді. Ең бастысы – ынта. Ынта болса, бәрін де істеуге болады. Өз-өзіңді дамытып, жетістікке жеткің келе ме, алға! Жол ашық. Сонымен қатар отбасыңның қолдауы маңызды.

Талғаттың кәсіп бастағанына бір-ақ жыл болды. Оның өмірлік ұстанымы – ешкімге тәуелді болмай, адал еңбекпен табыс табу.   

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы