420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлық кәсіпкер туған ауылының әлеуметтік саласын көтеруге 300 млн теңге бөлді

  • 78
  • UPD: 22:30, 16.11.2020

Қостанай облысындағы белгілі кәсіпкер Максим Артемук туған ауылының әлеуметтік саласын көтеруге биыл 300 миллион теңге бөлді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бизнестің қолдауымен шағын елді мекен көркейіп келеді.

Жақында мәдениет үйі жөнделіп, тұрғын үйлер мен спорт кешені бой көтерді.

Аумағы 8 мың шаршы метр болатын спорт кешені кәсіпкердің жерлестеріне арнаған кезекті тартуы. Соңғы үлгідегі жаттығу залы әркімге ашық. Спорттың сегіз түрімен тегін шұғылдануға мүмкіндік бар.

Людмила Ерёменко, спорт кешенінің әкімшісі м.а:

– Баскетбол, волейбол, шағын футбол, күрес, теннис, шахмат, жаттығу залы және ауыр атлетика залы бар. Балалар футбол үйірмесіне жазылуға құштар. Барлығы кешеннің ашылуын күтіп жүр. Бірақ карантинге байланысты үйірмелер уақытша жабық.

Ауылдық аурухана да заман ағымынан қалмайды. Енді мұнда УЗИ аппаратымен диагностика жасау қолжетімді. Бұдан былай тұрғындарға алысқа сабылудың қажеті жоқ. Емдеу мекемесін қондырғымен кәсіпкер жабдықтаған.     

Марина Хорошун, Октябрь ауылы ауруханасының бас дәрігері м.а:

– Науқастарға қалаға қатынаудың қажеті жоқ. Жергілікті Октябрь ауылдық ауруханасында қаралуға мүмкіндік бар.

Октябрь ауылы мамандарды лайықты еңбекақы, әлеуметтік пакет және баспанамен қызықтырады. Дәрігер, мұғалім, диқандар үшін 12 пәтерлі үй тұрғызылған. Жергілікті шаруашылық есебінен ауылдық аурухана жөнделіп, мектеп пен мәдени нысандар қамқорлыққа алыныпты. Бұл бағытта миллиондаған қаржы жұмсалған.

Максим Артемук, кәсіпкер:

– Әрине басты мәселе – әлеуметтік сала. Егер адамдар үшін жағдай жасалса, ешнәрсеге алаңдамаса, сол жерде өндіріске де орын табылады.

Ауылда сүт және ет өңдейтін цех бар. Шұжық өнімі қашанда сұранысқа ие. Жергілікті тауарлар сапалы әрі бағасы қолжетімді. Сонымен бірге облыстағы ең арзан нан осы Октябрьде сатылады. Бағасы – 50 теңге.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы