425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында жүзден астам мекемеге жылдамдығы жоғары интернет тартылды

  • 70
  • UPD: 20:51, 17.11.2020
Қарағанды облысында жүзден астам мекемеге жылдамдығы жоғары интернет тартылды

Қарағанды облысындағы жүзден астам мемлекеттік мекемеге жылдамдығы жоғары интернет желісі тартылды. Соның бірі Пионер ауылындағы балалар үйі. Қашықтықтан оқитын оқушылар үшін бұл дер кезінде жасалған үлкен көмек болыпты.

Жылдамдығы жоғары интернет желісі тартылғалы балалар үйіндегі компьютер сыныбы босамайтын болған. Әсіресе 11-сынып оқушылары қолы қалт етсе, осында келіп, тестке дайындалады екен.

Александра Лохбаум, 11-сынып оқушысы:

- Біз интернетке күніге жүз кіретін шығармыз. Керек дүниелерді көп іздейміз. Көктемде ұлттық біріңғай тестті ойдағыдай тапсырып, оқуға түссем деген арман-мақсатым бар. Ол үшін әрине, үлкен дайындық керек екенін түсінемін.

Қазір мұнда 91 бала тұрады. Карантин басталғалы олардың барлығы да сабақты онлайн оқып жатыр. Бұрын мұғалімдермен байланысқа шығу қиын болса, қазір бұл мәселе біржола шешілген. Оқушылар қажетті ноутбукпен, ұялы телефонмен қамтамасыз етілді. 

Анатолий Цебер, балалар үйінің директоры:

- Балаларымыздың барлығы қашықтықтан оқып жатыр. Жылдамдығы жоғары интернет келгелі түрлі оқыту алаңдарына қосылу жеңілдеді. Оқушылардың сабақ үлгерімі де жақсарды. Бұған қоса болашақ түлектерімізге институттармен байланысқа шығып, мамандық таңдауына септігін тигізуде. 

Балалар үйіндегі теледидар да ғаламторға қосылған. Соның арқасында балғындар түрлі бағдарламаларды, фильмдерді еш кедергісіз тамашалай алады. 

Александр Крюков, электромонтер:

- Бұған дейін біз интернетті антенна арқылы алып келдік. Бірақ бұл тұрақсыз болды. Күн райы күрт бұзылса жоғалып кететін. Оптикалық талшықты кабель тартқалы бұл қиындықтан құтылдық.

Айта кету керек, бүгінгі күні Қарағанды облысы аумағына 876 шақырым оптикалық талшықты кабель тартылып, соның арқасында 36 ауылда орналасқан 121 мемлекеттік мекемеге жылдамдығы жоғары интернет желісі жеткізілген.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы