424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда волонтерлер коронавируспен күресушілерге көмек қолын созды

  • 31
  • UPD: 12:10, 22.11.2020

Қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы сақтық шараларында жатыр.

Волонтерлер ең маңызды миссияны қолға алған. Олар адамдар көп жүретін жерлерде қол жуу алгоритмін көрсетіп, медициналық масканы тағу мен жою туралы ақпараттар таратады. Ал Мейірімділер клубы барлық блокбекет қызметкерлеріне ыстық тамақ ұйымдастырумен айналысып жүр.

Бұл екі ұйымның да пандемия кезінде атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Коронавирустың екінші толқынында сол шаралар қайтадан жалғасын тапты. Олар емдеу мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Арман Отарбеков, № 4 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Біз қабылдауға келген әрбір адамның қолына волонтерлер жасаған парақшаларды табыс етеміз. Олар бізге шағын бейнероликтерді де әзірлеп берді. Оны осы екі корпустағы үлкен экрандарда айналдырып жатырмыз. Осынау эпидемия өршіп тұрған күрделі кезеңде әрбір адам өзінің денсаулығына мән беріп, нұсқама қағаздарда көрсетілген дәрігер кеңестерін есте сақтайды деп ойлаймын.

Қаладағы №4 емхана 70 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда коронавирус жұқтырған 200 науқастың тең жартысы ауруынан айыққан.

Волонтерлер инфекциядан қорғайтын материалдарды жою ісінің бір жолға қойылмағанына алаңдайды. Қауіпті індет қолданылған маскалар мен қолғаптардан да жұғады. Түсіндіру жұмыстары осы бағытты да қамтыған.

Гүлнар Исаханова, қоғамдық қор басшысы:

– Қолданылған материалды қалай жою керектігін реттейтін шешім қабылданатын шығар. Біз өз тарапымыздан халықты үйретіп жатырмыз. Көшеде, қоқыста ашық жатпасын деп үйрету жұмыстарын атқарып жатырмыз.

Павлодарда қазір 5 блокбекет жұмыс істеп тұр. 12 сағат тізе бүкпейтін қызметкерлерді қосымша ыстық аспен қамтуды Мейірімділер клубы өз мойнына алған. №5 тосқауыл бекетінен әрі-бері тәулігіне 300-ден аса көлік өтеді.

Динара Дауытова, №5 емхананың қызметкері:

– Мен бүгін жетінші ауысымға келіп жұмыс істеп жатырмын. Күн суықта тоңып қалмас үшін ауысып тұрамыз. Бізге волонтерлер ыстық тамақ әкеліп беріп жатыр. Сол үшін рахмет айтамын.

Ыстық тамақты волонтерлердің ұйымдастыруымен жергілікті мейрамханалар мен дәмханалар дайындайды. Қауіпті кесел волонтерлерді де айналып өтпеген. Мейірімділер клубының жетекшісі Асхат Құсдәулетов оны өз басынан өткерді.

Асхат Құсдәулетов, Мейірімділер клубының жетекшісі:

– Мен 14 күн карантинде болдым. Дәрігерлер қойған талаптарды орындап, алгоритмге сай емделдім. Жазылып шыққаннан кейін провизорлық орталықтарға көмектесуді әрі қарай жалғастырдық. Ауру айтып келмейді. Жаз айларында өте көп науқас тіркелді. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық.

Жаппай індет тараған маусым-шілде айларында бұл ұйым 30 шақты көпқабатты үй, шамамен 4 мыңдай адамға азық-түлік жеткізіп отырды. Уақытша жұмыссыз қалған мыңға жуық отбасына қолдау көрсетті. Павлодар облысы індет өршіп тұрған аймақтардың қатарында. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл жолы ауру жеңіл түрде өтіп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

 

Хабар 24 телеарнасы