419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: ШҚО-да бақылау күшейді

  • 102
  • UPD: 22:48, 25.11.2020

Шығыста коронавирус індетімен күрес шаралары кешенді түрде жалғасып жатыр.

Өңір «қызыл аймаққа» енгізілгелі бері жағдай біртіндеп оңалып келеді. Қазір өңірде құрамына бірнеше құзырлы орган мен қоғам белсенділері кірген 166 мониторингтік топ құрылды. Олар күндіз-түні рейдке шығып, кәсіпкерлер мен халыққа карантин ережесін қатаң сақтауды түсіндіріп жүр.

Шығыста қатаң карантиндік ережелер енгізілсе де, оны елеп жатқандар шамалы. Өңірде түнгі уақытта жұмыс істейтін ойын-сауық нысандары, дәмхана және дүкендер азаймай тұр. Екі апта ішінде карантин ережесін бұзған 1274 дерек тіркелді. Ал қарапайым тұрғындар әлеуметтік арақашықтықты сақтай бермейді. 

Елдос Оразалин, «Ертіс» полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Бүгінгі күнде Өскемен қаласында 15 мониторинг тобы құрылып, соның ішіне Өскемен қаласы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы кіреді. Осы топпен Өскемен қаласындағы санитарлық нормаларды сақтау үшін рейдтік шаралар жүргізілді. Ағымдағы жылдың қараша айында 100-ден аса құқық бұзушылық анықталып, тиісті органдарға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін жолданды.

Аймақта індетке шалдыққандарға жедел медициналық көмек көрсету үшін 40 инфекциялық аурухана дайындалды. Емханаларда төсек орын да жеткілікті. Жыл басынан бері науқастарға ем-дом жасайтын төсек-орын саны 12 есеге көбейді. Дерт дендемеу үшін оған шалдыққан адамдармен аралас-құралас болғандар да бірден анықталады. Бүгінде 3 мыңнан аса адам дәрігерлердің бақылауында. Жалпы қазір облыста 450 мобильді бригада жұмыс істейді.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

– Індетпен күреске қатысты жұмыстарды тоқтатпаймыз. Медициналық бригадалардың тиімді жұмыс істеу жағын қарастырамыз. Ең негізгісі сараптап бақылау жұмысын жүргізе береміз. Бұрынғыдай науқастардың жағдайын телефонмен сұрауды тоқтаттық.

Облыста қазір індеттің таралау ошағын оқшаулаудың бірыңғай орталығы жұмыс істейді. Бұл жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Яғни орталық штабқа барлық ақпарат жиналып талданады. Сол жерден індетті індеуге қарсы қабылданған шаралар аудандар мен қала әкімдеріне шұғыл онлайн жүйесінде жолданады. 

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы