420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үржар ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр

  • 142
  • UPD: 14:29, 29.11.2020

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы көп балалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі алдағы 2 жылдың ішінде толық шешімін табады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір осы мақсатта тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша биыл жыл соңына дейін 48 пәтер, келесі жылы тағы 60 пәтер іске қосылмақ. Ауданда әлеуметтік нысандарды жылытатын жаңа қазандық та пайдалануға берілді. Оның экономикалық тиімділігі жоғары әрі экологияға зияны жоқ.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Бұрын мына алқап бос жатқан жер еді. Қазір міне, құрылыс алаңына айналып, жаңа шағынаудан бой көтеріп келеді. Жақын арада жарқыраған мына үйлердің іші жанға толып, балалардың күлкісі сыңғырлауы тиіс. Жалпы аумағы 120 шаршы метр болатын баспананың суы ішінде, жылыту үшін ақылды пеш қойылған.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

- Аудан бойынша 100-ден астам көп балалы аналар кезекте тұр тұрғын үйде. Осы 48 пәтер көп балалы аналарға беріледі. Ол дегеніміз, биылғы жылы жартылай көп балалы аналарды қамтимыз. Келесі жылы орны дайындалуда қазір, тағы да 30 үй 60 пәтер саламыз деген жоспар бар. Міне, құрылысы басталып, материалдар әкелінуде. Бұл дегеніміз, біз 2 жылда көп балалы аналардың барлығын толық қамтамасыз етеміз деген жоспар бар.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Ал мына жылыту орталығы инновациялық технологиямен жасалған өзіміздің отандық өнім. Бұрынғы қазандықтарға қарағанда іші тап-таза, шашылған күл, будақтаған түтін көрмейсің. Әзірге осы маңдағы көп қабатты үй мен жүзу бассейнін жылытып тұр.

Сергей Шевкунов, мердігер компания өкілі:

- Бұрын қазандықтағы түтін толығымен далаға кететін. Мұндағы жаңалық сол, енді сол түтіннің жылуын ысырап қылмай пайдалана білген. Бұл бір, екіншіден, ауа да ластанбайды. Және тиімділігі, көмірді аз жағамыз. Мәселен, мына 2 нысанды жылытуға қазір тәулігіне 250 келі көмір кетеді. Ал тағы 2 көп қабатты үй қосылса, 1200 тонна ғана жағылады. Бұл дегеніңіз тамаша емес пе?!

Тағы бір маңызды нысанда жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы Үржардағы әуежайдың ұшып-қону жолағы да ұзартылып, 1511 метрден 2160 метрге жетпек. Бұл дегеніңіз, үлкен ұшақтардың қонуына да мүмкіндік береді деген сөз. Яғни аймақтың туристік тартымдылығы одан әрі арта түседі.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы