419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордадағы жөндеуден өткен үй әлі жылусыз отыр

  • 124
  • UPD: 14:21, 03.12.2020

Қызылорда қаласындағы тұрғын үй әлі күнге жылуға жарымай келеді.

Қытымыр аязда бүрсең қаққан тұрғындар шағымдарын құзырлыларға ауызша да, жазбаша да, әлеуметтік желі арқылы да жеткізген. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Амалсыз біздің арнадан көмек сұрады.

Ақысын төлесе де, жылына алмай отырған Сандуғаш бірнеше ай бұрын пәтерін жөндепті. Алайда еткен еңбек, төккен тер зая кеткен. Өйткені күн суытқан бойда үй іші де салқындап, қабырғалары көгере бастаған. «Үйдегі жылуы жоқ жүйеден қайран жоқ», – дейді тұрғындар.

Гүлдана Жаңабергенқызы, қала тұрғыны:

– Үй салқын, газ қосамыз. Ұйықтайтын кезде бір бөлмеге тығылып, барлығымыз отырамыз. Пеш қосамыз, өйткені үйде бала бар.

Кезінде бұл көпқабатты тұрғын үйге жылу жақсы беріліп тұрған екен. «Қақаған қыстың күндері терезе ашып отырған да күндеріміз болды», – дейді пәтер иелері. Алайда үйге ыстық су беру мақсатында осыдан 3-4 жыл бұрын жертөлесіне бойлер құрылғысы орнатылғалы бері тұрғындар тоңа бастаған.

Қазыбек Игіліков, қала тұрғыны:

– Мынау – жылу бойлерінде тұрған насостар. Мұны тұрғын үйдің қызметкерлері келіп қосу үшін алдымен рұқсат алу керек. Рұқсатты жылу орталығы беруі тиіс. Мұны әркім бір-біріне лақтырып, иесі болмай тұр. Баланс та жоқ. Осыны қосып, үйдегі жылуды реттеу керек. Болмаса, мына бойлерді алып тастап, элеватор қою керек.

Бұл үй биыл тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында толықтай күрделі жөндеуден де өтіп жатыр екен. Бірақ мердігер мекеме жертөледегі барлық жылу құбырын жаңалағанмен, ақауын таба алмапты.

Болат Шендебаев, мердігер мекеме өкілі:

– Біздің бойлерге қатысымыз жоқ. Біз әр пәтерге барып, көмегімізді көрсетеміз. Тіпті өз қаражатымызбен халыққа көмектесу мәселесін қарастырып жатырмыз.

Құзырлы мекеме өкілдері бұл тұрғын үйге жылу тиісті температура сай беріліп тұрғанын айтады. Дегенмен ішкі жылу жүйелеріндегі ақауды мамандар тексеруге кіріскен.

Ерлан Жаңабаев, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Ол бойлер орталықтандырылған ыстық су жүйесіне сол көпқабатты тұрғын үйді қосу үшін қойылған. Қазір модернизация жұмыстары жүргеннен кейін ақаулар пайда болуы мүмкін. Бірақ мамандар оны қарастырып жатыр. Жақын арада ол мәселе шешіледі. Қажеттілігі болмаса, алып тастайды. Негізінен ол үйге сыртқы жылу желісінен температуралық режим сақталған. Жылу барып тұр.

Бүрсең қаққан тұрғындардың мәселесін мамандар жақын күндері шешеміз деп сендірді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы