429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Александр Винокуров «Астана» велоклубына қатысты пікір білдірді

  • 190
  • UPD: 10:48, 09.12.2020

Команданың мақсаты: қалай да жеңіске жету.

Белгілі велошабандоз Александр Винокуров арнамызға эксклюзивті сұқбат беріп, алға қойған жоспарымен бөлісті. Спортшы «Астана» клубының жаңа маусымдағы бағдарламасына қатысты пікір білдірді.

Алдағы маусымның бағдарламасын астаналықтар 17 қаңтарда жарияламақ. Ал қазір басшылық жоспарды ойыншылармен онлайн  талқылап жатқан көрінеді. Бас менеджер Олимпиадада  ел қоржыны бос қайтпауына күш салатынын айтты. Басты додада  Алексей Луценко топ жара ма деген үміт бар. Дегенмен саптағы саңлақ спортшылардың саны кемігені командағы кесірін тигізді.

Александр Винокуров, «Astana Pro Team» велоклубының бас менеджері:

Команданың мақсаты: қалай да жеңіске жету. Иә, Лопес жоқ. Сондықтан Гранд-турда оңай болмайтыны анық. Менің ойымша, «Джиро Д-Италияда» топ жаруға  мүмкіндік көбірек.

Бұған дейін Алексей Луценко командадан кетеді деген әңгіме айтылды. Бірақ клуб керісінше келісімшартты тағы бір жылға ұзартты.

Александр Винокуров, «Astana Pro Team» велоклубының бас менеджері:

Алексей саптан кетеді деп ойламаймын. Бірақ ертең команда тарайтын болса, ол бәрібір басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болады ғой. Осы тұста айта кетейін, клубты жабу туралы сөз қозғалған жоқ.

Келер жылдан бастап команда жаңа қожайынның қолына өтеді. Осылайша мемлекеттен қаржыландыру қысқарады. Алайда «Астана» жарыстарға Қазақстан атынан қатыса береді. Бұдан бөлек балалар мен жасөспірімдерді велоспортқа баулу ісі қолға алынады.

Александр Винокуров, «Astana Pro Team» велоклубының бас менеджері:

– Қаражат табылса, халықаралық жарыстарға қатысу керек. Мәселен, Испания мен Италияда өтетін турларды алайық. Жарыстың ұйымдастырылуынан бастап өтуіне дейін мүлде басқа деңгей. Сондықтан осындай үлкен додаларда бақ сынау спортшылар үшін маңызды. Бұл олар үшін үлкен тәжірибе.

Шабандоздардың әр жеңісі жас ұрпақты жігерлендіреді. Салауатты өмір салтын ұстануына үндейді. «Ал бұл сайып келгенде бұқаралық спортты дамытуға серпін береді», – дейді кәсіби спортшы.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Арман Акшабаев

Хабар 24 телеарнасы