419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сәтбаев қаласында мүлік иелері бірлестігі құрылды

  • 182
  • UPD: 22:30, 18.12.2020

Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласында алғаш рет мүлік иелері бірлестігі құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге жаңа жүйеге жалғыз үй ғана көшірілген. Егер қанатқақты жоба оң нәтиже берсе, облыстағы өзге баспаналар да жаппай ауыстырылмақ. Пәтер иелерінің кооперативін алмастыратын бұл бірлестік қалай жұмыс істейді, тұрғындарға несімен тиімді?

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Сәтбаев қаласының Абай көшесіндегі 15-ші үйдің тұрғындары Пәтер иелері кооперативінің қызметінен бас тартып, оның орнына мүлік иелерінің бірлестігін құрды. Жаңа ұйымға Светлана Лаврушкина жетекшілік етеді, жергілікті жұрт оны бірауыздан сайлаған. Төрайымның міндеті – ай сайын жиналатын ақшаны тиімді жұмсау, үйдің жалпы техникалық жағдайын қадағалап отыру.

Светлана Лаврушкина, Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы:

- Бізде 4 подъезд бар, соған орай 4 касса ұстаймыз. Мәселен, бір подъезде жөндеу жұмыстарын жүргізсек, тек сол подъезд тұрғындарының ғана ақшасы жұмсалады. Ал шатыр, жылу, су жүйесі секілді шаруаларға қаржыны ортақ кассадан шығарамыз. Барлық есеп-қисап жұмыстарын жұрт көріп отырады. Бірлестікте жұмыскер ұстап, ай сайын жалақы төлеп отырудың қажеті жоқ. Керек болған жағдайда жалдап, тек атқарылған жұмысқа ғана ақша төлейміз.

Жаңа бірлестіктің жұмысы тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Себебі жиналған қаржының қайда жұмсалғанын жұрт біледі. Қандай жұмыс атқару қажеттігін де өзара ақылдасып шешеді. Ал бұған дейін олар пәтер иелерінің кооперативіне ай сайын төлейтін ақшаның қайда кетіп жатқанынан бейхабар болып келген еді.

Айжарқын Қалдарова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Жиналған ақша кәдімгі біздің есебімізден өтіп жатады. Өзіміз бақылап, қадағалап көріп отыра аламыз. Подъездің тазалығын, подвалдың санитарлық нормада екенін, подвалдағы құбырларды жөндеп жатқанын көрдік, одан есік ауыстырғанын көрдік. Осының бәріне көңіліміз толып, осы программаны ұнатып, өзімізге ыңғайлы ретінде қабылдап отырмыз.

Тұрғындардың айтуынша, 60 пәтерлі бұл үй осыдан бірер жыл бұрын ғана пайдалануға берілген. Тиісінше, техникалық жағдайы жақсы. Бірақ соған қарамастан жұрт ай сайын пәтер иелерінің кооперативіне ақша төлеп келді. Ал ол қаражат кооперативке қарайтын өзге бір ескі үйді жөндеуге жұмсалып отырған. Енді оған жол берілмейді. Қаржы есепшотта жиналып, тек керек кезде ғана пайдаланылады.

Мейіржан Құржықов, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің инспекторы:

- Осы үйдің әрі қарай тиімділігі жақсы болып, халық қолдап жатса, біз әрі қарай жұмысты жалғастырып, жаңағы атап өткен 603 үйде мүмкіндігінше әрі қарай құруға тырысамыз. Ол үшін жаңағы айтып өткендей түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, халыққа жеткізу мақсатында және ғаламтор желілерінде видеороликтар, буклеттер таратылуда.

Айта кету керек, қазір Сәтбаев қаласында 603 көп қабатты тұрғын үй бар. Жыл соңына дейін жетеуінде мүлік иелерінің бірлестігі құрылады. Кейін қанатқақты жоба облыстың өзге өңірлерінде де қолға алынбақ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы