425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттегі газ тарату бекетінің құрылысы тағы кейінге шегерілді

  • 279
  • UPD: 22:30, 22.12.2020

Шымкентте қараша айында тапсырылуы тиіс жаңа газ тарату бекеті тағы кейінге шегерілді.

Уәденің орындалмауын энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы табиғатқа сілтейді. Арыс өзені арқылы құбыр төсеу кезінде қиындықтар кездескен. Ал жаңа бекет мегаполистің табиғи газға деген тапшылығын жоюы тиіс еді. 

Арыс өзені жаңа газ тарату бекетінің құрылысына тас кедергі болды. Жоба мәресіне жеткенімен, мамандар өзен арнасының күрт көтеріліп кетуінен су астына құбыр төсей алмады. Ағысы қатты су мен малтатастар кері әсерін тигізген.

Өзен аңғары өзгертілді. Бұл іске құтқарушылар да жұмылдырылды. Құбыр ең кемі 5 метр тереңдікке төселуі керек еді. Оны екі рет су ағызып әкеткен. Бұл – шымкенттіктер көптен күткен маңызды жоба. Себебі алып шаһар газ тапшылығынан қиындық көріп отыр.

Нұрлан Жаманкөз, энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

– Жоспар бойынша қараша айында мердігер Шымкент қаласына осындай сыйлық жасаймын, өз есебімнен жасап бітіремін деп еді. Бірақ біздің жоспарымыз іске аспады. Осыған байланысты бекіткен өндірістік кестеге сәйкес 2021 жылы құрылыс жұмыстарын аяқтап, АГРЭС-3-ті іске қосып тұрғындарға пайдалануға береміз.

Қолданыстағы газ тарату бекетінің қуаттылығы бәріне бірдей жетпейді. Мегаполисте жаңа абоненттерді қосуға мораторий жарияланған. Бірақ үйлеріне көгілдір отын тартуды армандап жүрген тұрғындар саны өте көп.

Тұран шағын ауданының тұрғындары суықтан қорғану үшін бөлмелеріне пеш қойып, терезелерін полиэтиленді целофанмен қаптап алған. Жылыту жүйесінің жоқтығынан көпшілігі үйлерін тастап кетуге мәжбүр. Қаланың шетіндегі аудан көгілдір отынға қол жеткізе алмай келеді.

Ахметжан Мәмбетәлиев, Тұран шағын ауданының тұрғыны:

– Бұл жерге 90% адамдар қоныстанған. Ешқандай коммуникация жоқ. Сондықтан әкімнен станцияның құрылысы жүріп жатқан кезде ауыларалық газ құбырын өткізуді сұрадық. Халық өлместің күнін көріп отыр.

Аудандық әкімдік келер жылы мәселенің шешімі табылатынын айтады. Табиғи газдың іске қосылуын қаладағы көптеген кәсіпорындар да күтіп отыр. Жаңа газ тарату станциясын іске қосу 2021 жылға қалды. Мамандар күрделі жағдайда асығыстық қажет емес дегенді алға тартады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы