420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар 24» арнасының әлеуметтік желідегі жетістіктері

  • 212
  • UPD: 23:34, 31.12.2020

Жылды арнамыздың журналистері де қорытындылайды.

Тәулік бойы хабар тарататын «Хабар 24» ұжымының жұмысы жалғаса береді. Алда жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Мәселен, интернет бөлімі «алтын батырма» алуға ниетті. Желідегі жемісті жұмыс өз нәтижесін беруі тиіс. Оқырмандар саны 1 млн-ға жақындады. Межеге жету үшін тағы 88 мың жазылушы керек.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

– Бүгінде әлеуметтік желі күнделікті тіршілігіміздің айнымас бөлігіне айналды. Телеарнада да интернеттің өзіндік орны бар. Пандемия кезінде арнамыздың тілшілері қайнаған істің ортасында жүрді.

Қазір ютубтағы арнада оқырман саны 900 мыңнан асты. Төтенше жағдай кезінде жаңалықтар қаралымы 90 млн-ға жеткен.

Арнамыздың жаңалығы әлеуметтік желіде жалпы 1,5 миллиард рет ашылған.

Сәуле Қайдағұлова, «Хабар 24» телеарнасының интернет жобалар дирекциясының директоры:

– Биыл «Хабар 24» арнасында оқырман саны бес жүз мыңға көбейді. Жарты миллион өсім болды. Ютубтағы алтын батырманы алуға жақындадық. Қазір 912 мың оқырман бар. Бұл арнамыз үшін үлкен көрсеткіш.

Қаралымы ең көп болған сюжеттің бірі – өзбекстандық шаруаның шөлді қалай баққа айналдырғаны туралы материал. Әріптесіміз Жасын Біркеновтің сюжеті 1 млн-нан астам қаралым жинаған. 

Әлемді әлекке салып, адамзатты үрей мен қорқыныштың құрсауына алып, айналасына ажал шашып келген індетке қарамастан шетелдегі әріптестеріміз қызметін бір сәтке де тоқтатпады. Олар індет ошағында жүріп, ақпарат таратуға тырысты. Жұртқа жаңалық жеткізу үшін тіпті ұялы телефон арқылы да тікелей эфирге қосылды.

Алена Горбачева, «Хабар 24» телеарнасының директоры:

– Өткен жылға қарағанда биыл тікелей эфир уақыты 800 сағатқа көбейді. Бұл біздің ақпаратты жылдам тарататынымызды білдіреді. Шетелдегі әріптестеріміз басын қауіпке тіксе де нағыз маман болуға тырысты. Кейбір шетелдік ақпараттық сайттарға қарағанда жылдам болдық. Мәскеудегі әріптесіміз банкте адамдарды кепілге алғанда 15 минутта тікелей эфирге шыққан. Қазір телефон арқылы да тікелейге қосылатын болдық.

«Хабар 24» ютубтың «алтын батырмасын» алу үшін 88 мың оқырман жинауы қажет. Арна 8 жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Бұл қалыптасқан дәстүрге айналды.

Наргиз Бекмағанбетова, Нұрғали Мамурбаев, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы