426,99 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда әкімдігі жаңажылдық безендіруден үнемделген қаржыны емханаларға аударған

  • 278
  • UPD: 21:18, 31.12.2020

Елордада биыл жылдағыдай отшашу болмайды. Жаңажылдық безендіруге де артық қаржы бөлінген жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала әкімдігінің мәліметінше, ескі шырша қайта орнатылды. Алаңдар мен саябақтарды безендіруге демеушілер көмек берген. Бірнеше күннен бері қала халқы әдемі жерлерді аралап, мерекелік көңіл күйді сезініп жатыр.

Кешеден бері күн аяз. Синоптиктер алдағы бірнеше күн ауа температурасының 35 градусқа дейін төмендейтінін болжады. Алайда сарышұнақ аязға үйренген елордалықтар үйде отырған жоқ. Бірі сырғанақ теуіп, енді бірі әдемі безендірілген жерлерді тамашалап жүр. Бас қаланың бірнеше жерінде шырша орнатылып, мұз айдындары мен сырғанақтар жасалды. Ең үлкен шырша ЕХРО ауданына қойылды. «Пирамида» маңына да біраз адам жиналыпты.

БЛИЦ: 

– Қаланы безендіріп қойған. Бізге ұнады.

– 2020 жыл қиын болды. Ал 2021 жыл жақсы жыл болады деген үміттемін. Жаңа жылдың алғашқы күні қасиетті жұмаға келіп тұр екен. Жақсы ырымға баладым. Сондықтан жақсылық күтемін.

– Қонақпын, араладым, жақсы. Мерекелік көңіл-күй өте керемет. Қаланы жақсы безендірген. Жаңа жылда жаңа табыс, денсаулық тілеймін.

Биыл қала әкімдігі жаңажылдық безендіру мен абаттандыруға қаржыны үнемдеп жұмсапты. Осындай шаралардан ауысқан 43 млрд теңгенің басым бөлігін емханаларға аударған. Не десек те, күнтізбе ауысатын күнді халық асыға күтеді. Жаңа жылдан жақсылық тілеп, бір-бірін мерекемен құттықтайды. Әсіресе, балалар үшін ерекше мейрам бұл.

Ақсәуле Байменшина, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы