367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскеменде мемлекеттік бағдарламаны пайдасына асырған алаяққа қатысты сот үкімі шықты

  • 195
  • UPD: 11:50, 12.09.2018
Өскеменде мемлекеттік бағдарламаны пайдасына асырған алаяққа қатысты сот үкімі шықты

Өскеменде мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаражатты жымқырған азаматшаға қатысты сот үкімі шықты.

Ол «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының игілігін жеке басының қамы үшін пайдаланып, алаяқтықпен 11 миллилон 400 мың теңгені қалтасына басқан. Күдікті заңсыз іспен бес жылға жуық айналысып келген. Ол жеке кәсіпкер ретінде пәтер иелері кооперативін ашып, содан соң жұмыс беруші болып тіркеліп, тек қағаз жүзінде 30 жұмысшыны қабылдайды. Осылайша жоқ жұмысшылардың еңбекақысының тең жартысын мемлекеттік бюджеттен субсидия ретінде алып келген. Сотта қылмыскер бар кінәсын толық мойындады. Оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Аян Алтынхан, Өскемен қаласы № 2 сотының судьясы:

– Сот жаза тағайындау кезінде кәмелетке толмаған балаларын ескере отырып, бір баласы мүгедек болғандықтан, тағайындалған жазаны кейінге қалдырды.

 

Өскеменде Михаэлис көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты.

Мамандардың айтуынша, тілсіз жау үшінші қабаттағы пәтерде тұтанған. Құрбандар жоқ. Түтінді дер кезінде байқаған тұрғындар дереу өрт сөндірушілерге хабарлаған. Өрт шыққан жерден ысқа уланып, ес-түзсіз жатқан пәтер иесі табылды. 1939 жылы туылған азамат ауыр халде №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Тағы бес адам қауіпсіз жерге шығарылды. Алдын ала болжам бойынша өрт абайсызда шыққан. Қазір тиісті тергеу шаралары жүріп жатыр.   

 

 

Шымкентте пара берген мемлекеттік қызметкерлер ұсталды

Шымкентте Түркістан облыстық білім басқармасының жанындағы Әдістемелік орталықтың басшысы, дене шынықтыруды дамыту бөлімінің басшысы және сол орталықтың бас есепшісі алдын ала келісім бойынша пара беріп жатқан жерінен ұсталды. Күдіктілерді шаһардағы Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің ішкі қауіпсіздік мамандары құрықтаған. Олар экономикалық тергеу қызметінің қызметкеріне, осыған дейін мәдени іс-шараларға бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істі тоқтатуы үшін 6 миллион теңге көлемінде пара берген. 10 қыркүйекте Шымкент қалалық арнайы тергеу сотының шешімімен күдіктілерге қатысты бұлтарпау шарасы ретінде қамауға алу туралы шешім қабылданған.

Жұпар Мамытова, экономикалық тергеу қызметінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі:

– Аталған пара беру дерегі бойынша, қазіргі уақытта ҚР қылмыстық кодексінің 367-бабының 3-бөлігі 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіміне тіркеліп, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық анықталды

Шымкенттік полицейлер «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Рейдтің мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу. Нәтижесінде түнгі 23.00-ден кейін заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 47 жасөспірімді анықтап, Ішкі істер органдарына жеткізді. Олардың ата-аналарына Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес арнайы хаттама толтырылды. Ал кәмелетке толмаған 15 жасөспірім бейімдеу орталығына жеткізілді. «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасына шамамен 40-қа жуық полиция қызметкері, прокуратура өкілдері, әкімшілік, білім беру, денсаулық сақтау басқармасының мамандары жұмылдырылды.

 

Алматыда балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеген

Осы жылдың жеті айында Алматы көшелерінде балалардың қатысуымен 552 жол-көлік апаты тіркелген. Оқыс оқиғаның кесірінен 6 бүлдіршіннің өмірі қыршыннан қиылса, 610 бала әртүрлі дене жарақатын алған. Полиция қызметкерлері апаттардың басым бөлігі оқу жылында болатынын айтады. Сондықтан Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасының өкілдері ата-аналардың өз балаларын мұқият қадағалауын ескертеді. Әсіресе, оқушылар мектепке қатынайтын кезде немесе әртүрлі үйірмелерге баратын уақытта жол жүру ережелерін бұзбай, абай болғандары жөн.

 

Таразда жолдағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Тараздық тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Екі күнде жергілікті полицейлер 645 жол ережесін бұзу дерегін анықтап, 38 қоғамдық тәртіп бұзушыны жауапқа тартты. Арнайы рейд кезінде тиісті құжаты жоқ 19 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, мас күйінде көлік тізгіндеген 3 жүргізуші ұсталды. Енді жамбылдық жол-патрульдік полицейлері ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткіге қарсы күрес, криминалдық полицияның жедел қызметкерлерімен рейдке бірге шығады. Осылайша өңірдегі қызметтік куәлік көрсетіп қызметіне сүйенетін дөкейлердің сайрандауына тосқауыл қоймақ. 

Уәлихан Сексенбаев, облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары:

– Қосымша атап өтетін болсақ, тонау фактісі ізін суытпай ашылды. Оның бәрі жедел уәкілдердің күшімен деп ойлаймын.  Тәжірибе алдағы уақытта да жалғасады. Аталған эксперимент жергілікті полиция батальоны қызметкерлерін іздестіру амалдарына қосымша үйрету.

Осы категория бойынша: « Алматыда бойжеткенді пышақтаған күдікті іздестіріліп жатыр Оқиғалар хроникасы. 12 қыркүйек »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы