378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзгенің көлігін айдап қашқан күдікті ұсталды

  • 249
  • UPD: 15:20, 15.02.2019

Алматыда көпқабатты үйдің бірінде лифт шахтасына адам құлап, қаза тапты. Ал Маңғыстау облысында өзгенің көлігін айдап қашқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лифт шахтасына адам құлап қайтыс болды

Алматыда ер адам лифт шахтасына құлап ажал құшты. Алғабас 6 ықшам ауданының тұрғыны Талғат Жастықбаев істемей тұрған лифт шахтасына құлап кетті. Қайғылы оқиға көпқабатты үйдің бейнебақылауына түсіп қалған. Шақырған лифті келмеген соң марқұм оның есігін күшпен ашып, кірмек болғанда аяғы тайып шахтаға құлап кеткен. Қазір тергеу жұмыстары тағайындалып, сараптама жүргізілуде.

Салтанат Әзірбек, Алматы қ. Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Қылмыстық істің аясында тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалатын болады. Сол зерттеулердің нәтижесінде біз бірқатар сұраққа жауап аламыз. Бұл адам масайған күйінде болды ма, болмады ма. Және болған оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын боламыз. Қазіргі таңда бұл істі Алатау аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімі тергеуде. 

Төбелестен туындаған жол-көлік оқиғасы

Алматы полициясының жедел желісіне Сайран автобекетінің қарсы жағында жаппай төбелес болып жатқаны туралы қоңырау түседі. Оған қоса жол көлік оқиғасы туралы хабарланған. Оқиға орнынына екі жедел жәрдем тобы мен төрт патрульдік полиция экипажы жіберілді. Куәгерлердің айтуынша, төбелес жол бойындағы кафенің алдында болған. Төбелес болған жерге жиналған адамдар жолды жауып қалғандықтан, тоқтап үлгермеген көліктер бір-біріне соқтығысыпты. Нәтижесінде үш көліктің жүргізушісі зардап шекті. Бірақ жедел жәрдем көмегінен бас тартқан. 

Өзгенің көлігін айдап қашқан күдікті ұсталды

Маңғыстау облысында өзгенің көлігін айдап қашқан күдікті ұсталды. Оқыс оқиға Жетібай мұнай кенішінде болды. «Уаз» маркалы жүрдек көліктің кеніш аумағынан шығып кетпек болған сәтін күзетшілер ұялы телефонға түсіріп алған. Қолға түскен адам полицияға тапсырылады. Құжат тексеру кезінде жанармай тиелген машинаның өзге адамның атына тіркелгені белгілі болады. Күдікті Қарақия аудандық полиция бөлімінде тергеліп жатыр.

Жол апатынан бір адам қаза тапты

Алматы облысындағы «Көксу – Балпық би – Қарабұлақ» тасжолының 53 шақырымында жол апаты болып, салдарынан бір адам қаза тапты. «Мерседес» автокөлігі жолдан шығып, өзенге құлап кеткен. Оқиға орнында 36 жастағы жолаушы көз жұмды. Ал жүргізуші жақын маңдағы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазір осы іс бойынша ҚР ҚК 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Соған сәйкес тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істің ақ-қарасын анықтаумен облыстық тергеу басқармасындағылар айналысып жатыр.

«Газель» газ құбырын жұлып кетті

Каменка ықшамауданында «Газель» көлігі көше бойындағы газ құбырын іліп кетті. Кесірінен, көгілдір отын төгілген. Оқиға орынына жедел қызмет тобы келіп, газ құбырын жалғап үлгерді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.  

Хабар 24 телеарнасы