loader


ШҚО-да жүк вагондарын тонап келгендер ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында темір жол вагондарындағы  жүкті тонап келген әскери күзеттің бір топ қызметкері ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды кезекті ұрлық кезінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қолға түсірді. Әскери-күзетшілер   вагондардың     арнайы бекітпесін бұзып, құнды заттарды қолды еткен. Одан  соң қайтадан жауып қоятын болған. Ал ұрлаған заттарды  өз үйлеріне сақтап, одан ары саудаға шығарып келген. Ұйымдасқан топқа қатысты, қылмыстық іс қозғалып тергеу басталды.   

Жамбыл облысында көлікті тоқтату үшін оқ атылды

Жамбыл облысында полицейлер көлікпен қашқан жүргізушіні қарумен атып тоқтатты. Оқиға Талас ауданы Қаратау қаласында болған. Облыстық полиция департаменті берген мәлімет бойынша, тәртіп сақшылары кезекті патрульдеу жұмыстары кезінде жарық шамдары талапқа сай келмейтін жеңіл көлікті тоқтатқан. Тексеру барысында тізгіндегі азаматтың өзімен бірге көлік құралын басқару құқығын растайтын құжаттары жоқ екендігі анықталған. Көліктен шығуын сұраған полиция қызметкерлерінің талабын жүргізуші орындамай қаша жөнелді. Жоғары жылдамдықпен жүріп жол қозғалысында қауіп туындаған соң қару қолдануға мәжбүр болған. Полицейлер құқықбұзушыны 50 шақырымдай қуып, әрең қолға түсірді. Айта кету керек, көлік ішінде тағы екі жолаушы болған. Медициналық тексерістен кейін жүргізушінің масаң күйде болғаны белгілі болды.

Роллан Қуанышбаев, облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

– Автокөлік жүргізушісіне қатысты 7 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде қазіргі ҚР Әкімшілік Кодексінің жаңартылған үлгісі бар ғой.  608 бап. Яғни алкогольдік масаң күйінде автокөлік басқару бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік жүргізушісі 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Және 15 күнге әкімшілік қамақ.

Шымкентте қылмыстық топқа сот үкімі шықты

Шымкентте заңсыз қару жасаған және сатқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкім шығарды. Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды заңсыз иемдену, сақтау, өткізу, тасымалдау немесе алып жүру бойынша 3 адам жауапқа тартылып, оларға 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Еске сала кетейік, 2019 жылғы шілдеде ҰҚК органдарының арнайы операциясы нәтижесінде аталған қылмыстық топтың жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 8 «Калашников» автоматы, 2 «Макаров»  тапаншасы және оқ-дәрілер алынды. Қару жасайтын цех жойылды.

Қызылордада түтінге уланған мүгедек адам құтқарылды

Қызылордада көп қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатынан өрт шығып, 47 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Облыс орталығындағы Абай даңғылы 36 үйдің бесінші қабатында пәтердің бірінде өрт шыққан. Хабарлама бойынша өртке қарсы қызметінен 4 техника мен 16 қызметкер жұмылдырылып, қызыл жалын дер кезінде ауыздықталды. Бүгінде өрттің шығу себебі анықталуда.

Нұрбол Исанов, облыстық ТЖД жедел басқару орталығы басшысының М.А.:

– Пәтердің ішінде адам болған, өртке қарсы қызметтің жауынгерлік есебі жетемін дегенге дейін өздігімен сыртқа шығып, жедел-жәрдем қызметкерлерімен медицина орталығына жеткізілген. Көрші орналасқан №59 пәтердегі бірінші топтағы мүгедек түтінге уланып, қауіпсіз жерге шығарылып, медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Өрт оқиғасынан қазіргі уақытта 2 адам облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде ем қабылдауда.

Маңғыстау облысында 3 мыңға жуық хаттама толтырылды

Маңғыстаулық полицейлер үш тәулікте үш мыңға жуық хаттама толтырды. Бұл, облыс көлемінде жүргізілген «Қауіпсіз жол» іс-шарасының қорытындысы. «Қауіпсіздік белдігін тақпау  - көлік жүргізушілері ескере бермейтін қателіктің бірі», – дейді жол сақшылары. Құқық қорғаушылар бұл ретте 500-дей адамды жауапқа тартты. Мас күйде рөлге отырған 21 жүргізушіге айыппұл салынды. Оларды көлік жүргізу құқығынан айыруды енді сот шешеді. Сондай-ақ машина айдап келе жатып телефонмен сөйлескен 400-ге тарта адамға әкімшілік хаттама толтырылған.

Сырым Қуантқан, облыстық полиция департаментінің ЖПҚ басқармасы басшысының орынбасары:

– Республикалық деңгейдегі «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Мақсаты – жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті арттыру және жол-көлік оқиғаларының санын азайту. Облыс бойынша 2588 әкімшілік-құқықбұзушылық дерегі анықталып, 72 автокөлік арнайы тұраққа уақытша орналастырылды.

Шымкентте жанармай таситын көлік аударылды

Шымкент қаласында жанармай таситын көлік аударылды. Алдын ала болжам бойынша, сыйымдылығы 23 тонналық «Камаз» жүк көлігінің жүргізуші рөлге ие бола алмай, автокөлік бір жағына аударылып, көліктегі АИ-95 маркалы бензин төгілген. Өрттің алдын алу үшін төгілген мұнай өніміне арнайы көбік шашылды. Зардап шеккендер жоқ.

Сондай-ақ...