429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавл тұрғыны анасы мен 3 қызын өрттен құтқарып қалды

  • 452
  • UPD: 14:23, 18.03.2020

Петропавл қаласының тұрғыны өрттен анасы мен 3 қызын құтқарып қалды.

Тілсіз жау отбасы шырт ұйқыда жатқан шамамен таңғы 5 – терде тұтанған. Бұл уақытта үйдің иесі жұмыста болған. Лапылдап жатқан жалынды далаға шыққан көршісі Амангелді Сұлтанов көріп қалып, жанып жатқан үйден адамдарды сыртқа шығарды. Қазір зардап шеккен жанұя туыстарында. Төтенше жағдайлар қызметкерлері оқиғаның себеп – салдарын анықтап жатыр. Жалпы, жыл басынан бері Петропавлда 29 өрт болып, 8 адам қаза тапты. 

Амангелді Сұлтанов, қала тұрғыны:

- Тағы 5 жарымда далаға шықтым. Қарасам, көршімнің үйінен қара түтін мен от шығып жатыр. Әйеліме өрт сөндірушілерді шақыр деп, өзім үйге кеттім. Есік ашық болды. Бәрін шығарып, үйіме әкелдім. 

Жамбыл облысында 4 күнде есірткіге қатысты 29 заңбұзу дерегі анықталды. Полицейлер заңды белден басқандарды «Допинг» жедел алдын алу шарасы кезінде ұстаған. Олардың арасында есірткі сақтап, сатқандар да бар. Тәртіп сақшылары өңірдегі медициналық емдеу орталықтары,  фармацептикалық өнеркәсіп орындары мен қоймаларын тексерді. Жалпы заңсыз айналымнан 40 келіден астам есірткі тәркіленді. 

Асхат Алметов, облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

- Жалпы облыс көлемінде 96 дәріхана, 28 қойма, 21 емдеу мекемесі,17 кәсіпорын мекемесі тексерілді.Заңсыз айналымнан 35 келі «марихуана» есірткі заты, 5 келі «гашиш» есірткі заты,3 грамм «героин»,12 келі күкірт қышқылының прекурсорлары, 1249 ампула есірткі және психотроптық заттар алынды. Сондай-ақ Тараз қаласында үйлердің қабырғалары мен қоршауларында синтетикалық есірткіні насихаттайтын граффити жазуларды жазған 3 адам қолға түсті. 

Түркістан облысында бұқа ұрлаған баукеспе ұсталды. Оқиға Төле би ауылында болды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше ол өзінің ауылдасының малын қолды қылған. Жәбірленуші тәртіп сақшыларына құны 200 мың теңге болатын бір жасар бұқасының ұрланғаны туралы арыз берген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті қолға түсті. Тергеу кезінде белгілі болғандай сол күні ішімдік ішіп отырып, оған ақша керек болған. Ол түнгі уақытта қораға түсіп, сиыр малын үйіне тасалаған көрінеді. Қазір түлік иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалдары жалғасып жатыр. 

Алматы облысында заңсыз ауланған балықты тиеген көлік ұсталды. Оқиға Ескелді ауданының аумағында болды. Полицейлер жолда шағын автобусты тоқтатып тексерді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше жүргізуші көлік ішіндегі 700 келіден астам балыққа қатысты ешқандай құжат көрсете алмаған. Кейін балықты Текелі қаласына сату мақсатында алып бара жатқандығы белгілі болды. Қазір мемлекетке келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Тәркіленген балықтар тиісті қабылдау орындарына өткізіліп, түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылады. Айта кету керек, аймақта жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 257 дерегі тіркелген. Нәтижесінде 3 тоннаға жуық балық, және браконьерлікпен айналысқан тұлғалардан 3 қайық, 30 мылтық тәркіленген.

Хабар 24 телеарнасы