426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-дағы тұмаудан 700 құс қырылған

  • 106
  • UPD: 20:38, 17.09.2020

Құс тұмауы тараған ошақтардың бірі – Якорь ауылы, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Елді мекенде қыркүйектің басынан бері үйрек-қаздар қырылып жатыр. Белгілері бір: қанаттылардың көзі көрмей, шыр айналып құлайды.

Жаңалық Сарғалин, Якорь ауылының тұрғыны:

– Ауру 3 қыркүйекте байқала бастады. 4-7 қыркүйек аралығында, яғни 4 күннің ішінде 870 қаздың түгелі қырылып қалды. Қазіргі таңда бірде-біреуі жоқ. Қаз шаруашылығымен 5 жыл бойы айналысып келемін. 5 жылдың ішінде мұндай ауруды естімедім.

Өлген құстардың қаны алынып, Нұр-Сұлтан қаласына зертханаға жіберілді. Сараптама қорытындысы құс тұмауын көрсетіп отыр. Осыған байланысты 10 ауыл карантинге жабылып, зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Өңірде барлығы 7 мың құс қырылған.

Берік Әлжанов, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:

– Республикалық қордан 780 мың доза екпе бөлінді. Осы вакцинамен барлық құс егіледі. Құс тұмауын алдын алу әрекеттерін жасаймыз.

Құс тұмауы Н-5 түріне жатады. Санитар мамандардың айтуынша, вирус тыныс алу жолдарымен жұғуы мүмкін. Ауа, шаң арқылы да тарайды. Қазір 7 ауданда карантин жарияланып, еті мен құс өнімдерін сатуға тыйым салынды. Дегенмен, сақ болған абзал.

Толқын Қаженова, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы:

– Вирус ауру құстың ет өнімдерін пайдаланған кезде жұғуы мүмкін. Құс еті мен одан жасалған өнімдер тиісті түрде термиялық өңделуі тиіс. Себебі құсты қалыпты температурада пісіру кезінде барлық бактерия жойылмайды. Құс етін 70-тен жоғары градуста пісіріп, ыстау керек. Осы кезде ғана вирус өледі.

Ауру ошақтарында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы топ келді. Дегенмен, құс фабрикаларындағы жағдай белгісіз. Бұл кәсіпорындарға әзірге кіруге рұқсат жоқ.

Шығынға батқан шаруаларға нарықтағы орташа бағамен өтемақы төленеді. Мамандар үй-үйді аралап өлген құстарды санамақ. Бұл жұмысты прокурорлар да бақылауға алып отыр. Айта кетейік, құс тұмауы Ресейдің шекаралас аймақтарында өршіп тұр. Бұл ретте Қазақстан шекарасында көліктерді зарарсыздандыру бекеттері қойылады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы