loader


Жаңақорғанда заманауи үлгідегі отандық аяқ киімдер тігіле бастады

Жаңақорғанда жасалған. Осындай атау берілген брендпен Қызылорда облысында заманауи үлгідегі отандық аяқ киімдер тігіле бастады.

Жаңақорған кентінің іргесінен ашылған шағын цехта таза былғарыдан сәнді туфлилердің сан алуан түрі дайындалып жатыр.

Өңір үшін тың бастаманы 23 жастағы кәсіпкер Оразай Қалымбетов қолға алды. Шеберханада күніне шамамен 50-ге жуық аяқ киім тігіледі. Цехта аяқ киім тігудің қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі 5 етікші жұмыс істейді. Қондырғылар ескі болғандықтан, өндірістің 70-80%-ы қолмен атқарылады. Осы ретте жас кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін жеңіл пайызды несиелерді пайдаланып, цехты жаңа қондырғылармен жабдықтауды көздеп отыр.

Оразай Қалымбетов, кәсіпкер:

- Өз ойым – аяқ киім шығару. Бұл ойыма ерекше әсер еткен - Елбасымыздың отандық өндіріске деген қолдауы. Осы кәсіпті қиындығына қарамастан, таңдауымның себебі әке-шешемнің III топтағы мүгедектер болуы еді. Сол кісілерге мүмкіндік беруімнің де себебі осы. Келешекте цехты ары қарай ұлғайтуға бар күшімізді салмақпыз. Осы ұлғайтуға мемлекет тарапынан қолдау болатынына сенімдіміз.

«Made in Жаңақорған» брендімен нарыққа жол тартқан отандық өнім аудан орталығындағы сауда орындарының сөрелерінен орын алған. Бір жұбы 5-6 мың теңге көлемінде бағаланған аяқ киімдердің жергілікті тұрғындар арасында өтімділігі жоғары. Себебі қалтаға қонымды бағасымен қатар оның сапасы да тұтынушының талғамына сай.

Мамедайым Дадаев, шебер:

- Бәрін қолмен істеп жатырмыз. Сапасы жақсы, өзіміздің шәкірттеріміз бар. Сол шәкірттерімізге үйретіп жатырмыз.

Кәсібін ұлғайтуды жоспарлаған жас кәсіпкер цехқа 10 миллион теңгенің заманауи қондырғыларын орнатып, өндіріс қуаттылығын 1000 данаға дейін жеткізу жобасын іске асыру жолында еңбектеніп жүр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Сондай-ақ...