411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлық кәсіпкер қақаған қыста да өнім жинауға қол жеткізді

  • 768

Қостанай облысындағы шағын жылыжай Сарыкөл ауданын аскөк, жуа және дәмдеуіштермен толық қамтып отыр.

Жергілікті өнімге сұраныс та жоғары. Мемлекет берген қайтарымсыз қаражаттың арқасында кәсіпкер қақаған қыста да өнім жинауға қол жеткізген.

Айжан Бөлегенова – алты баланың анасы. «Күміс алқа» иегері көк өскіндерді де сәбиін мәпелегендей махаббатпен күтіп, баптайды. Мұнда дастарқанды дәмдейтін өсімдіктердің бірнеше түрі өсіріледі. Өнімдер күн сайын жиналып, бірден сауда нүктелеріне тарайды.

Айжан Бөлегенова, кәсіпкер:

- Негізінен аскөк, көкжапырақтар, соған ден қойып отырмыз. Асхана, дүкен дәмханалардан тапсырыс өте көп. Енді тәжірибе ретінде қияр өсіріп көреміз.

Аумағы 120 шаршы метр болатын жылыжайда сарышұнақ аяз, үскіріктің өзінде сынап бағанасы төмендемейді. Бұлтсыз, жарқырап тұрған күндері терезелер ашылып, іші 40 градусқа дейін қызады. Қажет кезде пеш арқылы да жылу беріледі. Ешқандай химия қолданылмайды.

Жәнібек Бөлегенов, кәсіпкер:

- Күн сәулесі мұнда тура түседі де, топырақ бар жылуын өз бойына жинайды. Жабық нысан болғандықтан, ылғал жақсы сақталады, булану аз. Соның арқасында суаруға көп шығын кетпейді.

Болашақта мұнда раушан гүлдері де өсірілмек. Әзірге негізгі көкөніс көк жуа. Әр шаршы метр жерден он алты келі өнім жиналады. Бұл ауданды толық қамтиды. Артылғаны апта сайын облысқа жөнелтіледі.

Алёна Қасенбекова, сатушы:

- Жуалары сапалы, тұрғындар тамсанып алып жатады. Өзіміздің жерде өскенін білгесін еш күмәнданбайды. Тұтынушылар риза.

Бұл жылыжайды Бөлегеновтер отбасы мемлекеттен алған 2,5 млн теңге қайтарымсыз қаражатқа тұрғызды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы ауданның шаруашылығына жаңа өзгерістер әкелген.

Болат Карбанов, Сарыкөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

- Аудан кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламаға қатысып, үш жыл қатарынан гранттар ұтып алды. Нәтижесінде желден қуат алатын қондырғы мен бөдене фермасы ашылды. Жылыжай да біз үшін жаңалық.

Мұның сыртында соңғы бес жылда Сарыкөл ауданында «Жұмыспен қамту бағдарламасы» арқылы 33 жоба қанағаттандырылған. Бұл жүзге тарта аудан тұрғыны еңбекпен қамтылды деген сөз.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы