389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресей Президенті Владимир Путин Астанаға келді

  • 721
  • UPD: 18:29, 08.06.2017

Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин келді.

Владимир Путиннің ұшағы елордаға келіп қонды. Алдағы күндері мәртебелі мейман Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ЭКСПО - 2017» көрмесінің ашылу салтанатына қатысады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ Ресей Президенті Қытай елінің Төрағасымен екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр.

Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселе тұр. Солардың бірі – Үндістан мен Пәкістан мемлекеттерінің ұйым мүшелігіне өтуі. Сонымен қатар елдеріміздің экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын нығайту туралы сөз қозғалады деп күтіліп отыр. Және де қоршаған ортаны қорғау, ұйымның экстремизмге қарсы конвенциясына қол қою, мүше елдерге ортақ болатын есірткіге қарсы стартегияны қабылдау мәселелері талқыланады.

Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана декларациясына қол қойылады деген жоспар бар. Ал екі елдің ынтымақтастығы жайлы айтатын болсақ, қос мемлекеттің дипломатиялық қарым-қатынастары 1992 жылы орнаған. 2013 жылы екі президент Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойды. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында банкаралық және инвестициялық, көліктік, өңіраралық және шекара маңы, әскери-техникалық ғылым және жаңа технологиялар саласында, өнеркәсіп салаларында істейтін Үкіметаралық комиссия бар. Парламентаралық байланыстар жоспарлы дамып келеді. Екіжақты қарым-қатынастың тиімді дамуына өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы мүмкіндік туғызады. Осы орайда мемлекет басшыларының қатысуымен жыл сайынғы өңіраралық ынтымақтастық форумы өткізіледі.

Ресей Қазақстанның дәстүрлі түрде ірі сауда серіктесі болып табылады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 14,6 млрд АҚШ долларды құрады.

Хабар 24 телеарнасы