386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кепілгер елдердің өкілдері мамыр айында Астанада қайта бас қоспақ

  • 472
  • UPD: 20:35, 16.03.2018

Елордада бас қосқан Ресей, Түркия және Иранның сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жасады.

Осылайша сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Сирия мәселесі бойынша Астана процесінің жұмысын қорытындылады. Кепілгер елдердің өкілдері Қазақстанның бас қаласында мамыр айында қайта жолығуға келісті.

Айта кету керек, бұл – Ресей, Түркия және Иран сыртқы істер министрлерінің Астанадағы алғашқы жүздесуі.

Территорияға таластың салдары – бұл. Сириядағы сергелдең халықтың әбден дегбірін қашырды. 5 млн-нан астам тұрғын бас сауғалап, шетел асып кеткен. Төңіректегі тұрақсыз жағдайды реттеу үшін бір жыл бұрын Ресей, Иран мен Түркия Астана процесін құрып, сегіз мәрте Қазақстанның бас қаласында келіссөздер жүргізді.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

– Елордамызда бірінші рет Иран, Ресей, Түркия сыртқы саясат ведомстволары басшыларының қатысуымен бірге өтетін кездесу Сириядағы ахуалды реттеу бойынша ынтымақтастықтың алғашқы жылы ішіндегі қол жеткізген нәтижелерді талқылауға және де алдағы үшжақты іс-қимылдарды белгілеуге жақсы мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Міне бүгін Астана процесіне кепілгер елдердің сыртқы істер министрлері елордада кездесіп, келіссөздердің біржылдық жұмысын қорытындылады. Нәтиже жаман емес. Астана процесі саяси тартысып, жанжалдасқандардың бетпе-бет кездесіп, бір-біріне деген сенімін күшейтуге зор үлес қосты. Яғни еліміздің бас қаласында ұйымдастырылған алаң Сирияда бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға қадамдап болмаса да, табандап жылжуға септесті. Сергей Лавровтың айтқан пікірі осыған саяды.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

– Бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның бас қаласы айтылған кезде миллиондаған сириялық Астанаға үлкен үмітпен қарайды. Бір жыл бұрын Ресей, Иран және Түркия құрған Астана процесі өзінің маңыздылығын дәлелдеді. Осы уақыт аралығында деэскалация аумақтары құрылып, қазір ол табысты жұмыс істеп жатыр. Гуманитарлық көмек жеткізу, минадан тазарту шаралары да қолға алынды. Тұтқындарды босату жөніндегі жұмыс тобы да құрылды. Мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Астана процесі құрылғаннан бері көрсетіп келе жатқан қолдауы мен ашық алаң ұсынғанына ризашылығымды білдіремін.

Сирия билігі мен қарулы оппозиция. Арада тұтанған отты сөндіру үшін Астанадағы диалог алаңы маңызды рөл атқарды. Бұл туралы Иран мен Түркияның Сыртқы істер министрлері де айтып отыр.

Мохаммад Джавад Зариф, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі:

– Мен Қазақстан Үкіметі мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Сириядағы қақтығысты реттеуге бағытталған алаң ұсынғаны үшін алғысымды айтамын. Астана процесі 14 ай бойы жұмыс жасады. Енді міне министрлер деңгейінде кездесіп отырмыз.

Мевлют Чавушоглу, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі:

– Бүгін өте маңызды кездесу өтті. Астана процесі әу бастан атысты тоқтатуға бағытталған маңызды алаң болып есептелді. Осы уақыт ішінде біраз сұрақ шешімін тапты. Енді Шығыс Гутада эскалацияны болдырмау үшін атсалысуымыз керек.

Бүгінгі кездесу сириялық тарапсыз өтті. Үш елдің министрлері бірлескен мәлімдеме жасап, мамыр айында Астанада қайта жолығамыз деп келісті. Төңіректегі тұрақсыз жағдайды реттеу үшін 4 сәуір күні Түркияда Ресей, Иран мен түрік президенттері өзара кездеседі.

Авторлары: Ж.Біркенов, Е.Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы