389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШЫҰ саммиті қарсаңында Циндаода қауіпсіздік күшейтілді

  • 663
  • UPD: 19:47, 09.06.2018

«Шанхай сегіздігінің» алдағы жоспары қандай? Күні ертең ұйымға мүше мемлекеттердің көшбасшылары бұл сұрақтың жауабын кеңінен талқылайды.

Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының XVIII саммиті өтеді. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы шараға қатысу үшін Циндаоға келді. 

Президенттің лайнері Циндао әуежайына жергілікті уақыт бойынша сағат 12-де қонды. Қызыл кілем. Құрмет қарауылы. Ресми хаттаманың тәртібі сол.

Елбасы күні кеше Бейжіңде мемлекеттік сапармен болды. Бүгінгі бағыты – Қытайдың портты қаласы Циндао. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ертең Шанхай ынтымақтастық ұйымының 18-саммитіне қатысады. Жиынға Қазақстаннан бөлек Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан және Пәкістанның президенттері де келді. Оған бақылаушы 4 мемлекетті қосыңыз. Олар Ауғанстан, Иран, Беларусь және Моңғолия. Биылғы басқосудың ерекшелігі - ұйымның толыққанды мүшелері ретінде Үндістан мен Пәкістан қатысады. Осылайша трансұлттық алпауыт ұйымның әлеуеті күшейе түспек. Ұйымға мүше мемлекеттердің ортақ шекарасы 34 млн шаршы метр. Халық саны 3 млрд асады. Алып нарық. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 20 пайызы осы құрылымға мүше елдерге тиесілі. Өнеркәсіп, өндіріс, ғылым-техника салаларында өзара тығыз байланыс орнаған. Саммит қорытындысы бойынша Циндао декларациясы қабылданады деп жоспарланып отыр. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы да басты назарда.

Әсем Қабылбек, тілші:

- Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан. Бірақ ұйымдастыру комитетінің Шандунь провинциясын таңдауы бекер емес. Себебі 2008 жылы Бейжіңдегі жазғы Олимпиада ойындары кезінде Циндао желкенді қайық спорты бойынша жарыстарды ұйымдастырған. Сары теңіз туризмді дамытуға да сеп. Жалпы саммитті өткізуге 22 мыңдай ерікті тартылып отыр. Көшеде екі адым аттасаңыз алдыңыздан арнайы форма киген еріктілерді жолықтырасыз. Қалада әсіресе сақтық шаралары барынша күшейтілген. Тіпті саммитке қатысушылардың қауіпсіздігі үшін кейбір көп қабатты үйлердегі тұрғындар басқа аумаққа уақытша көшірілген. 10 млн жуық халқы бар Циндаода әдеттегідей қарбалас байқалмайды. Ал ертең Сары теңіздің жағалауы нағыз саяси алаңға айналады.

Авторы: Әсем Қабылбек, Әлібек Әлиев

Хабар 24 телеарнасы