360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Г. Әбдіқалықова Ресейде өткен Еуразиялық әйелдер форумына қатысты

  • 158
  • UPD: 23:07, 20.09.2018

Ресейде екінші Еуразиялық әйелдер форумы жұмысын бастады.

Оған депутаттар, халықаралық ұйымдар мен іскер қауымдастық өкілдері, сондай-ақ әлемнің ондаған елінен барған халықаралық әйелдер қозғалысының мүшелері қатысып жатыр. Күн тәртібіне шығарылған тақырып көп. Негізгілері – әлеуметтік сала, экономикалық даму және жаһандық қауіпсіздік мәселелері.

Еуразиялық әйелдер форумы жұмысын әйгілі Таврия сарайында бастады. Жер жаһандағы ең беделді де белсенді әйелдердің басын қосқан форум алғаш рет 2015 жылы да осында өткен болатын. Сол кезде делегаттар бұл жиынды үш жылда бір рет өткізетін болып келісті. Бірінші форумға 80 елден делегация қатысса, биыл 130 мемлекеттен жиылған. Қатысушылар арасында БҰҰ мен Еуропа кеңесі секілді ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері де бар. Қазақстан делегациясын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова бастап келді. Еліміз гендерлік теңдік бойынша әлемдегі үздік үлгілерді қабылдап қана қоймай, осы саладағы өзіндік тәжірибесімен де бөлісе алады. Бұл жағынан әсіресе, саяси салада көрсеткіштеріміз осал емес. Мәжіліс құрамындағы депутаттардың 27 пайызы әйелдер қауымынан тұрады.

Қазақстан әйелдері экономикада да белсенді. Шағын және орта бизнестегі кәсіпорындардың 44 пайызын қыз-келіншектер басқарып, осы саладағы жұмыс орындарының үштен бір бөлігін қамтып жүр.

Жәмилә Нұрманбетова, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазақстан гендерлік теңдік бойынша әлемдегі 144 елдің ішінде 52-орында тұр. Әрине, бұл көрсеткіш жаман емес. Елде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Бүкіл салада ер мен әйелдің теңдігін сақтау, елдердің зияткерлік әлеуеті мен экономикалық дамуын жақсартады деп түсінеміз.

Форумның бірінші күні еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы