360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанда ШЫҰ шекаралық қызмет басшыларының кездесуі өтті

  • 149
  • UPD: 18:10, 24.09.2018
Қырғызстанда ШЫҰ шекаралық қызмет басшыларының кездесуі өтті

Қырғызстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымы шекаралық қызмет басшыларының кездесуі өтті.

Биылғы басқосудың бір ерекшелігі – ұйымға мүше елдердің қатары толықты. Алғаш рет жиынға Үндістан мен Пәкістан өкілдері қатысты. Шекарашылар халықаралық терроризм мен аймақтық қауіпсіздік мәселелерін пысықтады.

Терроризмде шекара болмайды. Қылмыскерлерді аңду, шекараны заңсыз өту мен қаруды өткізуге тосқауыл қою шекаралық қызметтердің басты міндеті. Осы ретте ұйымға мүше елдердің шекарашылары бірлесіп операциялар жүргізіп жатыр.

Уларбек Шаршеев, Қырғызстан шекаралық қызметінің төрағасы:

Бүгін Қытай төрағалығымен өткен «Бірлік-2017» операциясының қорытындысын шығардық. Сондай-ақ Қырғызстан шекаралық қызметімен бірлесіп жаттығулар жүргіздік. Енді міне, келер және 2021 жылдары өткізілетін «Ынтымақтастық» операцияларын жоспарлап жатырмыз.

Осындай бірлескен операциялар барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің шекаралық қызметтері халықаралық терроризм, экстремизм және сепаратизмге тосқауыл қою секілді іс-қимылдар пысықталады. Бұл мақсатта шекарадан өтуді бақылаудың жаңа жүйелері енгізіліп жатыр.

Чен Динву, Қытай шекаралық қызметінің директоры:

- Осындай кездесулердің басты мақсаты – жұмысымызды үйлестіру. Қауіп-қатерлерге төтеп беруге шекаралық қызметтеріміздің дайындығын білу. Ал іс жүзіндегі өзара әрекеттесуді бірлескен жаттығулар кезінде пысықтаймыз.

Қытай ұсынысы бойынша ұйымға мүше шекаралық қызметтер арасында үш сатылы өзара ықпалдастық жүйесі енгізілген. Ол орталық, аймақтық пен жергілікті деңгейге бөлінеді. Осылайша, туындауы мүмкін шиеленістер туралы тиісті органдарға хабарлайтын жүйе құрылды.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы