378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы Қазақстан қалаларының дамуына баға берді

  • 695
  • UPD: 23:13, 28.12.2018
Елбасы Қазақстан қалаларының дамуына баға берді

Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы биылғы жылдың айрықша оқиғаларының бірі болды. Бұл туралы отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Тәуелсіздігіміздің барлық жылдарындағыдай бұл жыл да өте  мазмұнды, өте қарқынды болды. Бұл жыл еліміз үшін түрлі оқиғаларға толы. Есте қалар маңызды оқиғаларға тоқталар болсам, мен үшін, жалпы қазақстандықтар үшін елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойының орны айрықша. Ештеңе жоқ, сағымдай жазық далада дәл осындай  қала салынып, еліміздің шынайы келбетіне айналды. Дегенмен, бұл қаланың сыншылары да, жақсы көретіндері де бар», - деді Елбасы.

ҚР Президенті БАҚ өкілдерімен кездесу алдында Қазақстан картасына көз салғанын атап өтті.

«Біздің барлық өңірлеріміз күрт континентальді болып келеді. Батыстан бастап қарасаңыз, Шығыста, оңтүстік те солай. Демек, Шымкентке кету керек пе еді? Ол жақта жазда өте ыстық, қолайсыз. Енді міне қаланың 20 жылдығын атап өтіп отырмыз. Адам өмірі, жалпы тарих үшін 20 жыл дегеніміз не? Ештеңе де емес. Алайда Қазақстан бір қалаға байыды. Астана өзінің құрылысы барысында қалған барлық облыс орталықтарын сүйреді десек те болады», - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев 1979 жылы 12 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болып тағайындалғанын еске алды.

«Содан бері басшылық қызметте келемін. Келесі жылы 40 жыл толады. Не болғанын, не жасалғанын  салыстыруға да мүмкіншілігім бар. Мәселен, Атырау қаласы. Бұл бұрынғы Атырау емес, онда резеңке етіксіз жүру мүмкін емес болатын. Сәл жаңбыр жауса жүру мүмкін емес еді. Қазір ол заманауи, тамаша қалаға айналды. Ақтауда Каспий маңы елдерінің президенттерімен саммит өткіздік. 1,5 шақырымға созылған тамаша жағалау салынған, жаның сүйсінеді. Келешегі мұнан да зор. Бұл еліміздің негізгі демалыс өңіріне айналады деп ойлаймын. Өзіміздің тамаша көгілдір теңізіміз, шомылуға қолайлы маусымымыз бар. Шағын ғана Орал қаласы қазіргі уақытта түрленіп отыр. Ақтөбе де көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Онда 130 мың адамға арналған 3 жаңа аудан бой көтеріп келеді», - деді Елбасы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Талдықорған қаласының да соңғы жылдары  заманауи қалаға айналып келе жатқанын баса айтты. Қостанай, Петропавл, Өскемен және Алматы қалаларының даму қарқынына жоғары баға берді.

«Атамағандарым ренжімесін, барлығын да атай аламын. Шындығында барлығы да Астанаға қарап бой түзейді. Ендігі уақытта дәл осы тенденция аудандарға, шағын қалаларға тарауда. Жақсы бір  істің үлгісі дегеніміз осы», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. ҚР Президенті Астананың 20 жылдық мерейтойына орай барлық өңірлер елордада нысандар салғанын атап өтті. Атырау облысының Есілдің үстінен салған бекіре балығы пішіндегі көпірді айрықша атады.

inform.kz

Хабар 24 телеарнасы