379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Нығматулин парламентаралық одақтың 140-шы Ассамблеясына қатысты

  • 124
  • UPD: 17:46, 08.04.2019

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Катар астанасы Дохада өтіп жатқан парламентаралық одақтың 140-шы Ассамблеясына қатысты.

Бүгінгі жаһан мемлекеттері үшін аса өзекті бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесі талқыланған алқалы жиында сөз алған мәжіліс спикері Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітсүйгіштік бастамаларына тоқталды. Парламенттік делегацияның жұмыс кестесі екіжақты кездесулерге толы болды.

Тақырыбы ауқымды парламентаралық одақтың 140-шы Ассамблеясына шартараптан жиылған сан елдің делегаттары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп әлек. Тіпті еркін деген еуропалықтардың өзі мұсылман еліне құрметін киім киісінен-ақ байқатты. Қаузалатын тақырып та осал емес. Бейбітшілік пен қауіпсіздік. Әлемнің әр жерінде қақтығыс қылаң беріп, лаңкестік лаңы шарпыған шақта тақырып өзекті-ақ. 

Катар астанасындағы алқалы жиынға Қазақстан Парламентінің делегациясын Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастап келді. Ассамблея отырысына қатысқан әлем парламентшілері бейбітшілік пен құқықтық тәртіп қана тұрақтылық кепілі болатынын еске салды.Осы ретте Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік бастамалары көпке үлгі.   

Мохаммед Бен Абдулла Әл-Сулаити, Катар мемлекеті консультативтік кеңесі төрағасының орынбасары:

- Тақырып бүкіл жаһан жұртына ортақ. Осы тұста Қазақстанның Тұңғыш Президенті Назарбаевтың бейбітсүйгіштік бастамаларын ерекше атауға болады. Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің алпауыт державалары тұрақтылық үшін тізе қосып, күш біріктіру қажеттігін үнемі айтады. Парламентаралық одақ мүшелері күн тәртібіндегі осы өзекті мәселені шешуге зор үлес қоспақ.

Иә, парламентаралық одақтың саяси күші мығым. Қазір оған 180-ге жуық мемлекет, 12 парламенатарлық ұйым мүше. Жиында сөз алған Парламент төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жалпы адамзат құндылықтарын сақтауға күш салып келе жатқандығына тоқталды. «Бұған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары дәлел», – деді Мәжіліс спикері.

Сенім мен серіктестіктің тиімді тетіктерін нығайту күзде өтетін Еуразия парламенттері спикерлерінің IV кеңесінде талқыланады. Ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия идеясының 25 жылдығына орайластырылмақ.  

Анджело Фарруджиа, Мальта Республикасы өкілдері палатасының төрағасы:

- Сіздердің Тұңғыш Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа мен Азия және жаһандық қауіпсіздік тақырыбында айрықша бастамалар көтергенін бүкіл әлем біледі. Біз, парламентшілер Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жиында көпті толғандырған мәселелерді қозғайтын боламыз.

Парламентаралық одақ алаңында Мәжіліс спикері бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Катардың консультативтік кеңесінің төрағасы Ахмад бен Абдалла бен Заид Әл-Махмудпен кездескен Нұрлан Нығматулин  өзара серіктестікті тереңдету қажеттігін айтты. Мәжіліс төрағасы Ресей Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володинмен де екі ел арасындағы берік ынтымақтастық жайын сөз етті.

Вячеслав Володин, РФ Мемлекеттік думасының төрағасы:

- Біз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ауқымды шараға дайындаламыз. Онда жаһандық қатерлерге назар аударылып, аймақаралық серіктестік мәселелері қаралады. Біз бейінді  комитеттердің байланысын да арттыруға мүдделіміз.

Нұрлан Нығматулин бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы төрағасының орынбасарымен де кездесіп, әріптестік жайына тоқталды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Осы Катар мемлекетінде өткен барлық кездесулерде Парламент өкілдері қыркүйек айында Нұр-Cұлтан қаласында болатын Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің төртінші кеңесіне ерекше ықылас көрсетіп отыр. Бұл ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық беделі және әлемдік саясаттағы рөлі өте жоғары екенінің тағы бір нақты көрсеткіші, тағы бір нақты дәлелі деп санаймыз.

Шынайы өзара түсіністік – басты құндылық. Мұны шараға қатысушылар жақсы біледі. Бұл ретте бейбітшілік пен тұрақтылық нық орнаған Қазақстанның әлем алдындағы абыройы биік. Енді мүмкіндіктер мен мүдделер тоғысатын шара – Еуразия мемлекеттері парламенттері спикерлерінің төртінші кеңесінде сан салалы байланыстар нығаятынына күмән жоқ.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбол Жұмағұлов, Жомарт Елеуов, Асқар Әбілдаев

Хабар 24 телеарнасы