379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның Өзбекстандағы жылы ресми түрде басталды

  • 213
  • UPD: 22:19, 15.04.2019

Көксарайдағы ресми кездесуден кейін Қазақстан Республикасының Президенті Ташкенттегі Тәуелсіздік және гуманизм ескерткішіне гүл қойды.

Жалпы бұл сапарға өзбекстандықтар ерекше мән беріп отыр. Түс ауа екі ел басшысы Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Өзбекстандағы жылын ресми ашық, деп жариялады.

«Қазақ-өзбек байланысы мәңгілік. Ғасырлардан келе жатқан біздің халықтарымыздың арасындағы достық қарым-қатынас пен тату көршілік байланыс нығая беретініне толық сенімдімін» деді Тоқаев. Жыл бойы жалпы 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Форумдар, білім беру көрмелері, мәдени және спорттық шаралар мен туристік саяхаттар өткізілмек. Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ашылуына орай ұйымдастырлыған гала концертте халыққа танымал Әлібек Дінішев, Димаш Құдайберген, Айман Мұсақожаева,  Майра Мұхамедқызы, Медет Шотабаев сияқты өнер майталмандары ән шырқады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аса құрметті Шавкат Миромонович, жеке өзіңізге және Өзбекстан халқына жылы шыраймен қарсы алып, қонақжайлық көрсеткеніңіз үшін зор алғыс айтамын. Қазақ пен өзбектің базары да бір, мазары да бір, деп бабаларымыз бекер айтпаған. Екі халықтың тілі де, діні де, тағдыры да, тарихы да біртұтас. Қадірлі бауырлар, ұлы Абайдың «татулықтан артық жолдас жоқ» деген қанатты сөзі бар. Қазақ пен өзбектің қуанышы да, мұңы да, мақсат-мұраты да бір.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Көп ұлтты Өзбекстан халқының атынан Нұрсұлтан Әбішұлын екі елдің арасындағы достық, көршілік һәм әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға қосқан баға жетпес үлесі үшін алғысымды айтамын. Сондай-ақ Қазақстандағы Өзбекстан жылының өте тамаша әрі ұмытылмас өткені үшін де ризашылығымды білдіремін. Ал  Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылуына құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге қатысуымыз стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамуын, өзара келісімнің күшейіп бара жатқанын, халықтарымыздың бауырластығын айғақтайды. Бүгінгі айтулы шара - мәңгі достығымыздың, қазақ пен өзбек ағайындылардың мәдени және рухани тұтастығының белгісі.

Салтанатты шара аясында қос президент «Ұлы дала мұрасы» атты көрмені аралады. Онда қойылған  құнды мұралар негізінен Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жан-жақты насихаттауға арналған. Яғни, еліміздің Ұлттық музейіндегі ежелгі өнер туындылары, соның ішінде Алтын адам, Берел қорғандарынан табылған аттар мен ат әбзелдерінің қалпына келтірілген нұсқалары, «Тақсай Ханшайымы», «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының жәдігерлері көрсетілді.

Хабар 24 телеарнасы