378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы: Бірліктің арқасында ата-баба аманатын орындадық

  • 172
  • UPD: 20:30, 01.05.2019

«Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді». Бүгін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, осы халық тәмсілін еске салды.

«Сондай-ақ Отанымыздың барлық жеткен жетістігі» ырыс пен ынтымақтың арқасы», – деді Елбасы. Бүгін елордада мамыр мерекелері бастау алды. Негізгі салтанатты шара «Қазақ елі» монументінің алаңында ұйымдастырылып, шаһардың 22 этномәдени бірлестігі кең дастархан жайды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– «Қазақ елі» монументінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін мерекелік салтанаттың басталған сәті. Бұл маң бірлік күніне орай айрықша кейіпке енген. Мұнда жиылған көпшіліктің қарасы қалың. Өнер жұлдыздары болса, таң сәріден ортаны қызу думанға бөлеуде. Ал мына тұста, бір шаңырақ астына біріккен Қазақстан халқы кең дастархан жайды.

Елордадағы этномәдени бірлестік өкілдері бүгін монумент алаңына ұлттық тағамдарын да ала келді. Кең дастарханға қазақтың қазы-қарта, жал жаясынан бөлек, түрік пен ұйғырдың, татар мен башқұрттың, корей мен еврейдің дәмді тағамдары қойылды.

Земфира Низамуддинова, «татар-башқұрт» мәдени орталығының атқарушы директоры:

– Бұл мерекеге түні бойы дайындалдық. Чак-чак, учпучмак, орама сынды ұлттық дәмдерімізді әзірледік. Олар көпшілікке ұнайды деген үміттеміз. Қазір Қазақстанда көптеген этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Осы бағытымыздан жаңылмасақ деген тілегім бар.

Неміс мәдени орталығының мүшелері де дастарханды дәмге толтырды. Өзбек, қырғыз, ұйғыр бірлестіктері болса ән мен жырдан шашу шашып, мың бұрала би беледі. Бір сөзбен айтқанда, мереке ажары айшықталып, ырыс пен ынтымақ салтанат құрды. Көп ұзамай, көпшілікті құттықтауға Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді.

Елімізде қалыптасқан ұлтаралық қатынас - бірегей. Бір ғана мысал – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның әлемде баламасы жоқ. 100-ден астам этнос өкілі бір тудың астына бірігіп, татулық пен тұрақтылыққа сызат түспей келеді. Ал қазақ – ежелден бауырмал халық. Тарих толқынымен ұлы дала жеріне қоныс аударғандардың қай-қайсы да қолдаусыз қалған жоқ.

Елордадағы думанда күмбірлеген күй шертіліп, көпшіліктің ән мен жырға құлақ құрышы қанды. Сан түрлі ұлттың биі де көрсетілді. Ал Қазақстанда тұратын этностардың дәстүр сабақтастығы мен салтына баса мән берілетіні Елбасы сөзінен аңғарылды. Тұңғыш Президент алдымен Отандастарды мерейлі мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Құрметті қазақстандықтар! Ел бірлігін атап өтіп жатырмыз. Тек қана бақ-береке әкелсін! Елімізде ата-бабамыздан «Бірлік болса тірлік болады, төртеу түгел болса, төбедегіні аласың, алтау ала болса ауыздағыдан айырыласың» деген ақиқат бар. Осыны бас ұстай отырып, еліміз неше түрлі қиын жағдайлардан, кең байтақ даламызды сақтап қалып, бізге аманат етті. Осы бірліктің арқасында біз тәуелсіз Қазақстан құрдық. Ата-бабаның аңсаған аманатын орындадық. Сол ұғымның арқасында «Қазақ елі» монументі тұрғызылды. Мәңгілік ел деген ұғым болды. Оның барлығы тәуелсіздігіміз үшін қазақ ешқашан қасық қанын аямаған деген сөз. Сол қағидаға адал болайық, ата-бабамыздың арманын орындайық. Осы жылдардың ішіндегі жетістіктің бәрі – елдің бірлігі, халықтың арасындағы тыныштықтың арқасы.

Ата-баба аманат еткен ұлан-ғайыр атырапта қашанда достық лебі еседі. Төрткүл дүниемен де байланысымыз бекем, ынтымағымыз жарасымды. «Демек, бүгінгі ұрпақ бақытты», - деді Елбасы. Алда әлі белес көп. Оларды еңсеру үшін түзу жолдан адаспау керек. Тұңғыш Президент бүгін көпшілікті осыған үндеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Тарихта осындай көп этностық болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ. Біздің де жазығымыз жоқ. Тарих солай болды. Өмір солай жасады. Сондықтан біз басқа елге қамқор болдық. Әркімнің сөзі басқа, әркімнің биі басқа, соның бәрін қосқанда қандай керемет болады. Әр қыры өмірдің, әр жыры, әр сыры жиналғанда керемет емес пе?! Сондықтан біз бақытты елміз деп санауымыз керек. Осы бірлігімізді сақтауымыз керек. Тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз керек. Бағдарламамызды әрі қарай орындайтын болсақ, халқымыздың болашағы жарқын болады. Жақсылық болады. Істің барлығы елдің әл-ауқатын көтеру үшін жүріп жатыр. Білесіздер, кешегі өткен Ассамблеяның сессиясында бұл мәселенің бәрі айтылып, талқыланды.

«Қазақ елі» алаңына жиылғандар арасында жас та, жасамыс та болды. Шара соңына дейін Елбасы көпшілікке ыстық ықыласын жеткізді.

Осылайша, елордада мамыр мерекелері бастау алды. Бірлік күніне арналған салтанатты шаралар мұнымен шектелмейді. Ертең де бас қаланың театрлары мен көпшілік орындарында ән мен жыр кештері ұйымдастырылады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Хасеномарқұлов

Хабар 24 телеарнасы