387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондондағы елшілікке дауыс беру үшін 600-ден астам адам өтініш білдірген

  • 315
  • UPD: 15:20, 09.06.2019

Тұманды Альбионда президенттік сайлау қызу өтіп жатыр.

Қазақстандық азаматтар Лондондағы елшіліктегі сайлау бөлімшелеріне келіп дауыс беру үстінде.

Лондон Нұр-Сұлтан уақытынан 5 сағат артта болғандықтан, біздегі сайлау жаңа басталды. Жалпы, бүгін кісі қарасы көп болатын секілді. Өйткені сайлауға қатысамын деп 600-ден астам адам елшілікке өтініш білдірген. Олардың қатарында Лондон ғана емес, Эдинбург, Манчестер, Абердин және Глазго секілді қалалардан келген отандастарымыз бар.

Қанағат Кенжеғалиев, студент:

- Мен Англияның батысында орналасқан Борнмут қаласынан келдім. Борнмут университетінде магистратурада «Халықаралық қонақ үй бизнесі және туризм менеджменті» мамандығы бойынша оқимын. «Болашақ» бағдарламасының стипендиатымын. Бүгінгі сайлау елдің берекесі мен бірлігін арттырады деп сенемін. Біз, жастар осындай маңызды науқаннан тыс қалмауымыз керек деп Лондонға арнайы келдім.

Сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, дауыс беру барлық ережелерге сәйкес жүріп жатыр. Елшілік қызметкерлері және комиссия мүшелері сайлаудың ашық және әділ өтуі үшін барынша жағдай жасауға тырысып жатыр.

Сайлау жергілікті уақытпен кешкі сегізде аяқталғаннан кейін сайлау комиссиясы дауыстарды санап, қорытындыламақ. Бұл жөнінде толығырақ комиссия төрағасы Жанболат Үсеновтен білмекшіміз.

Жанболат Үсенов, №244 сайлау учаскесінің төрағасы:

- Лондондық учаскедегі қорытындылар сайлау өткеннен кейін екі күн бойы елшілік ғимаратының кең қауымға қолжетімді жерінде жарияланатын болады. Айта кетейін, жәшіктердің бүтіндігін тексеріп, бюллетеньдерді есептеуден бастап, сайлау комиссиясының хаттамасын жасап, қол қоюға дейінгі бүкіл сайлау процесін бүгін қазақстандық қоғамдық ұйымның өкілі бақылап жатыр.

Жалпы, сайлау учаскесіне келгендерден мерекелік көңіл-күй сезіліп тұр. Елшілік қонақтары қазақтың ұлттық тағамдары бауырсақ, жент, ірімшік және құрттан ауыз тиіп жатыр. Сайлау учаскесіне бірінші болып келген және кәмелеттік жасқа толып, өмірінде тұңғыш рет дауыс беріп жатқан сайлаушыларға да кәдесыйлар қарастырылған.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы