384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Николас Мадуро: Қазақстанға өрлеу мен бақ-береке тілеймін

  • 141
Николас Мадуро: Қазақстанға өрлеу мен бақ-береке тілеймін Euronews

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына орай құттықтау жеделхаттары келіп жатыр.

Иордания Королі ІІ Абдалла Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысы табысты болуына тілектестік білдірді.  

«Иордания халқы біздің елдеріміздің арасындағы достық өзара қатынастарды, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі», – делінген Иордания Королінің құттықтау хатында.

Марокко Королі VI Мұхаммед Қазақстан Президентіне жолдаған құттықтауында жемісті ынтымақтастықта болуға дайын екенін жеткізді.

«Біздің елдеріміздің арасындағы ерекше достық өзара қатынастарды нығайту жолында Өзіңізбен бірге жұмыс істеуге әзірмін», – деп жазды Марокко билеушісі.

Боливариялық Венесуэла Республикасының Президенті Николас Мадуро Мемлекет басшысын құттықтап, Қазақстан халқына зор жетістіктер тіледі.

«Қазақстан Республикасына өрлеу мен бақ-береке тілеймін. Мен біздің достық негіздегі әрі өзара сыйластықтағы қатынастарымызды нығайтуға ниеттімін», – делінген жеделхатта.

Израиль Президенті Реувен Ривлин өзінің құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевты өз еліне ресми сапармен келуге шақырды.

«Сіздің президенттік кезіңізде Қазақстан мен Израиль арасындағы достық және іскерлік байланыстар одан әрі нығая түсетініне сенімдімін», – деп атап өткен Израиль Президенті.

Испания Үкіметінің төрағасы Педро Санчес Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтап, екіжақты әріптестіктің жоғары деңгейін айтқан.

«Менің Үкіметім халықтарымыздың игілігі үшін елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, тереңдету жұмыстарын жалғастырады», – деп жазған Педро Санчес.

Андорраның Премьер-Министрі Андорры Хавьер Эспот Замора Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыс тілеп, ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді.

«Соңғы жылдары дамудың жаңа деңгейіне көтерілген халықтарымыз арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды тереңдету мақсатында өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенімізді растаймын, – делінген Хавьер Эспот Замораның жеделхатында.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өз құттықтауларын КАРИКОМ Бас хатшысы Ирвин Ла Рок, Халықаралық сауда орталығының атқарушы директоры Аранча Гонзалес, Орталық Азиядағы Еуропалық одақтың арнайы өкілі Петр Буриан, Кубаның Мемлекеттік кеңесінің және Министрлер кеңесінің Төрағасы Мигель Диас-Канель Бермудес, Канаданың Генерал-губернаторы Жюли Пайетт, Бахрейн Корольдігінің тақ мұрагері-Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Салман бин Хамад Аль Халифа, Румыния Депутаттар палатасының төрағасы Ион-Марсель Чолаку, Үндістанның бұрынғы вице-президенті Мохаммад Хамид Ансари, Канада Парламентінің сенаторы, Канада-Қазақстан парламентаралық достық тобының тең төрағасы Джозеф Дей, Португалия Республикасы Ассамблеясының депутаты Жуао Баррозу Суареш, Үндістан Парламентінің мүшесі Шаши Тарур, Португалиядағы Мая қаласының Қалалық кеңесінің төрағасы Антониу Браганса Фернандеш.

Хабар 24 телеарнасы