384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан президенті елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

  • 205
  • UPD: 22:44, 28.06.2019

Таиланд, Иордания және Венесуэла.

Бүгін еліміздегі осы мемлекеттердің жаңадан тағайындалған елшілері президентке сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Салтанатты рәсімнен соң Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттардың әрқайсысымен екіжақты кездесу өткізді.

Ақорда төрінде дипломаттарды құрмет қарауылының қарсы алуы мен олардың мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуі – заңдылық.

Президент бүгін үш бірдей елшімен кездесті. Алғашқысы – Таиланд Корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Расс Джаличандра. Қызметіне енді ғана кіріскен мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты кездесу алаңына шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Қазақстан мен Таиланд арасында берік байланыс орнаған. Мен президент ретінде осы әріптестікті жалғастыруға әзір екенімді жеткізгім келеді. Көптеген салада бірлесіп жұмыс істейміз. Экономика мен саясаттағы ынтымақтастығымыз нәтижелі. Бірлесіп қолға алатын істер әлі де көп. Жақында ғана тағайындалған премьер-министрлеріңізді Қазақстанға арнайы сапармен келуге шақырамын. Ал сіздің қызметіңіз алдағы уақытта екі елдің қарым-қатынасына зор септігін тигізеді деп ойлаймын.

Расс Джаличандра, Қазақстан Республикасындағы Таиланд Корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі:

– Сіздің пікіріңізбен толық қосыламын. Біздің елшілік енді 27 жылдан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастықты одан әрі нығайтады деп сендіремін. Мен сізге президенттік сайлаудан кейін сенім грамотасын тапсырған алғашқы елші атандым.

Ресми Нұр-Сұлтан мен Бангкок арасындағы байланыстың орнағанына 15 жыл болды. Бас қаладағы Таиландтың елшілігі маңызды халықаралық жиындар алаңынан табылып келеді. Алдағы уақытта елорда күнін мерекелеуге де әзір. Екіжақты кездесу бұдан әрі Иордания Корольдігінің елшісімен өрбіді. Президент сенім грамотасын қабылдау рәсімі аясында араб мемлекетімен ынтымақтастықтың жай-жапсарын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Қазақстандағы жаңа қызметіңізге кірісуіңізбен құттықтаймын. Бұл қос мемлекет үшін де маңызды сәт дегім келеді. Қазақстан мен Иорданияның жақын қарым-қатынасы екіжаққа да тиімді. Мемлекеттеріміздің байланысы ең алдымен достық бағытта өрбіп жатыр. Сондықтан осы әріптестіктің келешегі кемел.

Юсуф Әбделғани, Қазақстан Республикасындағы Иордания Корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі:

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті қалыптастырған қарым-қатынастың тиімділігі зор болды. Біз де сол бағытта жұмыс істегіміз келеді. Және Қазақстанның халықаралық бастамаларын толықтай қолдаймыз.

Сондай-ақ бүгін Венесуэла елшісі Энрике Антонио Акунья Мендоза да президентке сенім грамотасын тапсырды. Дипломат жаңа тарихи кезеңді бастан кешіп жатқан елімізге бейбітшілік, өсіп-өркендеу тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Сіз Венесуэланың Қазақстандағы алғашқы төтенше және өкілетті елшісі ретінде қызметке кірістіңіз. Осы миссияңыздың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдіремін. Елдеріміз арасындағы байланыстың қалыптасқанына көп болса да, енді ғана дами бастады. Енді президентіңіз Мадуро мырзаға Қазақстанда елшілік құру жөніндегі шешім қабылдағаны үшін алғыс білдіремін.

«Елдестірмек елшіден». Осы бір тұрақты сөз тіркесін бүгінгі іс-шараға қарата айтудың тағы бір жөні бар. Себебі, Таиланд, Иордания және Венесуэла Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға ерекше екпін беріп отыр. Демек жаңа елшілердің тағайындалуы арқылы екіжақты байланыс нығая түседі деген сенім зор.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы