443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық кеңестің II отырысындағы ұсыныстар қоғамда қызу талқылануда

  • 305
  • UPD: 19:56, 20.12.2019

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген қоғамдық әлеуметтік мәселені қозғады. Бұл ұсыныстар қазірден бастап қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жиында кеңес отырысының бірнеше мүшесіне ғана сөз тиді. Ал өзгелерінің пікірі қандай? 

Қоғамдағы өзекті оқиғаларға қатысты ойын бүкпесіз айтып жүргендердің бірі Арман Шораев. Ол саяси реформалар тобының мүшесі. Сондықтан әуелі партиялар мен парламенттік оппозицияға қатысты пікір білдірді. 

Арман Шораев, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Партия ашудың екі есе жеңілдегені мені қуантты. Бұл елде жаңа саяси күштердің пайда болуына ықпал етеді деп ойлаймын. Оның үстіне президент парламенттік оппозицияның мәртебесін заң жүзінде бекітіп, оның мүшелерінің комитет төрағасы болуына мүмкіндік беру керек деді. Бұл өзгеріс саяси күштердің арасындағы бәсекелестікті арттырады. Сондықтан бұл өте маңызды шешім. 

Ал Дания Еспаеваның айтуынша, «Ақжол» партиясы «парламенттік оппозиция» туралы заң жобасын 2014 жылы әзірлепті. Тіпті құжатты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қолдаған көрінеді. Алайда әлі күнге дейін заң жобасы қабылданған жоқ. Бұдан бөлек, тілшілер сұрағына жауап берген Дания Еспаева оппозиция туралы заң әзірлеуді ұсынды. 

Дания Еспаева, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Ол заң болмаса көп партия болсын, екі партия болсын, сапасы болмайды. Ал егер парламенттік оппозиция туралы заң кіргізілсе, сонда сапа болады деп ойлаймын. 

Президент айтқан тағы бір елеулі өзгеріс Қылмыстық кодекстің 130-бабына қатысты. Енді елімізде «Жала жабу» бабы бойынша айыпталғандар қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл өзгеріс әсіресе журналистердің қызметіне тікелей байланысты. Медиа саланың өкілдері жазаның қылмыстық сипаттан әкімшілікке ауысуын жақсылыққа балады.  

Арманжан Байтасов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Қазақстанның дамуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарына еркіндік керек. Бұл баптың өзгеруімен журналистер еркінірек қиымлдап, сапалы, жақсы дүниелер жасайды. Қазақстандағы журналистиканың деңгейі көтеріледі. Жалпы мен басқаларына қарағанда осы өзгеріске көбірек көңіл бөлдім. 

Еске салайық, 130-бапты әкімшілік кодекске ауыстыру бастамасы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында да көтерілген еді. Алайда кейбір заңгерлер мен белсенділер өзгеріссіз қалдыруды ұсынған. Дегенмен, президент бүгін бұл даудың нүктесін қойды.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы