376,77 415,79 5,95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019 жыл: елді елең еткізген саяси оқиғалар

  • 448
  • UPD: 10:47, 30.12.2019

Жыл басынан бері елді елең еткізген ішкі оқиғалар аз болған жоқ. Әсіресе, мемлекетіміздің саяси өмірінде жаңалық көп.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

– Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2019 жылы еліміздің саяси өмірінде бірқатар елеулі өзгеріс болды. Астанамыздың атауы өзгерді. Қоғам мен билікті байланыстыруы тиіс Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бастысы – тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет Мемлекет басшысы ауысты.

2019 жылдың 19-наурызы. Сағат тілі 19:00-ді көрсетіп тұр. Дәл осы уақытта Нұрсұлтан Назарбаев өзінің үндеуі арқылы президенттік өкілеттігін тоқтататынын жариялады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Әрине, бұл оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғарғы лауазымын атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанда, оның өкілеттігі, қарған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. 

Осылайша, еліміздің Конституциясы бойынша Тұңғыш Президенттің орнын сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев басты. Ал ертеңінде ол Қазақстан халқына адал қызмет етемін деп ант етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, ҚР Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.

Қазақстанның жаңа Президенті аймақтарды аралап, ел жағдайымен танысқан соң сәуір айындағы халыққа үндеуінде 9 маусым күні кезектен тыс президенттік сайлаудың өтетінін жариялады. Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша, Nur Otan партиясының атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 процент дауыс жинап, жеңіске жетті.

Саттар Мәжитов, сарапшы, тарих ғылымдарының докторы:

– Бұл – үлкен өзгеріс. Қоғамның, мемлекетті саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына зор ықпал ететін оқиға. Сондықтан Президент Тоқаевтың сайлануын жыл оқиғасы деп есептеуге болады. 

Ал 20 наурызда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Астана» атауы «Нұр-Сұлтан» болып өзгерді. Осыған дейін бұл бастама сан мәрте көтерілсе де, депутаттар тисті заң жобасын дәл осы күні қабылдады. Еске салайық, 1998 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен Ақмола атауы «Астана» деп өзгертілген еді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Сенаттан қатысып отырған 43 депутат, жақтағандар да – 43. Мәжілістің 102 депутаты қатысып отыр, 102 депутат та жақтап отыр. Сонымен құрметті әріптестер, тарихи шешім қабылданды.

Сарапшылардың дені «Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөліп отыр» деген пікірді ұстанады. Президент жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі соның бір дәлелі іспетті. Оның құрамына түрлі саланың тізгінін ұстаған мамандармен қатар қоғам белсенділері де енді. Жуырда кеңестің екінші отырысы өтті. Жиында шетелден тартылатын жұмысшыларды азайту, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру, әлеуметтің әлсіз тобына жататын отбасыларды қолдауға қатысты бірқатар мәлімдеме жасалды. Олардың алды жүзеге асып үлгерді.   

Саттар Мәжитов, сарапшы, тарих ғылымдарының докторы:

– Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салаға ерекше назар аударып отыр. Оның ішінде көптеген әлеуметтік бағдарламалар бар. Әсіресе, бұл мәселе туралы Президенттің 100 күндігінде айтылды, бастысы - көпбалалы отбасыларға көмек көрсету. Сонымен қатар жастар мәселесі.

Қазақстандағы Жастар жылы да аяқталып қалды. Алайда бұл оларға көрсетілетін қолдау тоқтайды деген сөз емес. Енді мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар Волонтерлар жылы аясында жалғасады. Осы уақытқа дейін 3 мыңға жуық жас маманға жалдамалы пәтер берілді. 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Ал келер жылы студенттердің шәкіртақысы 25 процкентке көбейеді.     

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы