428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Д.Назарбаева: Жеңіл және тамақ өнеркәсібі қарқынды мемлекеттік қолдауды қажет етеді

  • 562
  • UPD: 21:43, 27.01.2020
Д.Назарбаева: Жеңіл және тамақ өнеркәсібі қарқынды мемлекеттік қолдауды қажет етеді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Парламенттік тыңдауларға дайындық аясында тоқыма кәсіпорындары мен шикізат өндірісінің басшыларымен кездесті.

«Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Qaz Textile Industry ҰБ өзін-өзі реттеу ұйымы директорлар кеңесінің мүшесі Сәуле Шауенова еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласындағы проблемалық мәселелермен жан-жақты таныстырды. С.Шәуенова бірінші кезекте заңсыз импорт көлемімен күресу мақсатындағы Үкіметтің «Шартты түрде шығаруға жол берілмейтін тауарлардың тізбесін бекіту туралы» Қаулысы аясындағы шаралар жоспарын іске асыру тетігіндегі олқылықтарды атап өтті. 

Qaz Textile Industry өкілі сондай-ақ жоғарыдағы қаулы аясында саланы қолдау шаралары туралы өз ойларын ортаға салды. Оның ішінде қаулының орындалуын белгілі бір мемлекеттік органға бекіту; сыртқы экономикалық қызметтегі тауар номенклатурасының коды бойынша ерекшеліктерге сәйкес қосымша зертханалар ашу; жосықсыз импорттаушыларды жазалау шараларын қайта қарау; ұлттық стандарттарға сәйкес мектеп киім үлгісінің сапасына талап қою көзделіп отыр. С.Шәуенова сонымен қатар шикізатты жинау және қайта өңдеушілерге тапсыру жөніндегі тауар өндірушілерге қатысты ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ереженің жоқ екенін атап өтті, ол елімізден шикізат ресурстарын тезірек әкетуге, сондай-ақ еліміздегі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары толық қуатында жұмыс істей алмауына әкеп соғатыны айтылды.

С.Шәуенова сондай-ақ отандық өндірушілердің өнімді сатудағы өзекті мәселелерін көтерді. Бүгінде қазақстандық тауарлардың сатып алу бағасы мен бөлшек сауда бағасының арасындағы үстеме 3-4 есе болып отыр, олар сауда алаңдарына қол жеткізе алмайды. Импорттық өнім соның салдарынан отандық өнімге қарағанда арзан әрі тез сатылады. 

Кездесуде сөз алған Qaz Textile Industry бірлестігінің басқарма төрағасы Айгүл Дәрібаева саладағы тез арада шешуді талап ететін негізгі проблемаларды атап өтті. Оған саланың техникалық және технологиялық тұрғыда шет елдерден артта қалғаны, оның ішінде жабдықтар өнімділігінің төмендігі, тауарлар сапасының төмендігі мен өзіндік құнының жоғарылығы; өндіріс процестерін басқаруда автоматты жүйелердің болмауы жатады.

Отандық өндірушілердің «Жасампаз» консорциумы атқарушы кеңесінің төрағасы Гүлмира Уахитова өз сөзінде мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын алудағы бірыңғай тәсілдің болмауынан туындайтын проблемаларға жеке тоқталды. Г.Уахитованың бағалауынша, көптеген әлеуетті органдар ұлттық стандарттардың заттай мүлік талаптарын сақтамай келеді. «Қорғаныс министрлігінен басқа, әлеуетті құрылымдардың бәрі импорттық өндірушілердің мата көрсеткіштерін жазып отырады. Ақшаны бір бұйымға, бір құрылғыға салады, іс жүзінде ол көрмеден келеді де басқа бұйымға салынады. Ал ол қымбаттауға әкеліп соғады. Ақша «Жигулиге» салынады, кейін «Мерседес» алғысы кеп қалады», – деді «Жасампаз» басшысы.

Гүлмира Уахитова сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстарды бір уәкілетті органға жинақтап, тауар сапасының нашарлауын болдырмау үшін демпинг ережелерін реттеу керек деп санайды. Ол одан басқа, қорғаныс тапсырысындағы шарттар мерзімінің қысқалығы өндірушілердің инвестициялық белсенділігін бәсеңдететініне назар аударды.

Кәсіпкерлер тапсырыс негізіне технологиялық үдеріс есепке алынбайтынын айта келіп, ол қызмет сапасына теріс әсер ететінін атап өтті. Атап айтқанда, сатып алу қызметі саласындағы ақпаратқа қол жеткізу шектеулі екендігі айтылды.

«Қазақ технология және бизнес университеті» АҚ президенті-ректоры Жұматай Оразбаев өз сөзінде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын кадрларды даярлау мәселесінде оқу орындарымен тығыз ынтымақтасуға міндеттеуді, оның ішінде грантта оқыған түлектерді жұмыспен міндетті түрде қамтуға міндеттеуді ұсынды. Кездесуге қатысушылар еңбек нарығының қажеттіліктері мен мамандарды даярлау құрылымын салыстырғанда алшақтықты талқылады.

Сенат төрағасы талқылау барысында қазақстандық өндірісті қорғау үшін импортталатын тауарларға міндетті түрде таңба салынуы туралы айта келіп, шекарада сертификаттау орталықтарын құру идеясына қолдау білдірді.

«Егер біз тауарлардың ауқымды бөлігін Қытай мен Қырғызстаннан және Өзбекстаннан әкелсек, олардың сертификаттары біздің сертификатқа деген талаптарымызға сәйкес келуі тиіс. Демек, келісім болуы керек, тиісті талаптарды келісу жөнінде жұмыстар жүргізілуі керек», – деді Д.Назарбаева.

Дариға Назарбаева шараны қорытындылай келіп, мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлауда басым бағыттар болмай отырғанын атап өтті. «Жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, олар бүгін басымдықта болуы тиіс. Өйткені бұл сала, біріншіден, импорт алмастыру мәселелерінде көмегі зор, екіншіден, бұл салада жұмыс орындары көптеп ашылады. Осы екі салаға қарқынды мемлекеттік қолдау қажет болады», – деді ол.

Парламент Сенатының төрағасы кездесу қорытындысы бойынша Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне кездесуге қатысушылар қозғаған проблемалық тақырыптарды зерделеуді және оларды Парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.

Ақпарат көзі: parlam.kz

Хабар 24 телеарнасы