429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы Қордай ауданын күзетіп жүрген әскерилерге алғыс айтты

  • 749
  • UPD: 19:03, 02.03.2020

Қордайдағы қақтығыстан дүние-мүлкі бүлінгендердің барлығына бірдей өтемақы берілмейді. Өйткені кейбір нысандар заңсыз тұрғызылған болуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бүлік болған ауыл тұрғындарымен кездесіп, жұртты бірлікке шақырды. Ымырада өмір сүруді үндеді. Тіпті мектептерге қақтығыстану /конфликтология/ пәнін енгізуді ұсынды. Ал шатақ шығарып, заңға қайшы әрекет еткендер қатаң жазаланбақ.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Сол түнгі тіресті ел біраз уақыт ұмытпайды. Мазасы қашқан Масанчидің қазіргі кейпі осы. Бүлінген мүлік, өртенген үйлер. Қақтығыстан қалған тамтұқ. Қираған зат қалпына келер, бірақ адам шығыны жанға батады. Тараптардың татуласқанын көрдік. Ел іші тыныш. Шүкір дейсің. Бірақ жауырды жаба тоқығанымен, жараның жазылмасы анық. Жұрт бұл дүрбелеңнің әділ шешімін күтіп отыр. 

Дауды биге берген, жауды батырға ұстатқан елміз. Ежелден солай. Ауызы дуалы ақсақалдың айтқаны болған. Тентегін тезге салған, бұра тартқан бұзығын жөнге келтірген. Мемлекет басшысы Қаракемерде алдымен қазақтармен кездесті. Үлкенді сыйлап, сөзді алдымен қарттарға берді. 

Төле Сүгірбай, Қаракемер ауылының тұрғыны:

- Үкіметтік комиссияның қорытындылары сіздің назарыңызға жетті деп ойлаймын. Одан өзіңіз енді тиісті шаралар қолданатын шығарсыз. Біз сізге сенеміз.  

Ел ішінде қыжыл бар. Әйтпесе жұрт өре түрегелмес еді. Қордайдағы қақтығыс соны аңғартса керек. Қиғылық салу – қазаққа жат қылық. Әлдекімді түлен түртті деп, түртпектеу артық шығар. Президент өңірде болған жанжал баршамызға сабақ болды деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Әуелде жұрт осы оқиғаның әділ шешімін күтіп отыр дедік. Президент тіресті бастаған және жанжалды өршіткендер міндетті түрде жауапқа тартылады деді. Ортақ заң бар. Барлығы соған бағынуы керек. Төбелес болған ауылды жемқорлық жайлағаны айтылды. Сондағы шенділер дүнгендерден пара алып, үнемі көлегейлеп келген. Қасым-Жомарт Тоқаев ондайға енді жол берілмейтінін жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Қордайдың жергілікті қызметкерлері ұялмай, жасырмай дүнген кәсіпкерлерінен ұдайы пара алып тұрған. Бұл белгілі нәрсе ғой. Бұл қандай өнеге? Осындай қызметкерлерді халық, соның ішінде қазақтар мен дүнгендер бар, сыйлай ма? Құрметтей ме? Мәселе сонда ғой. Тағы бір өзекті мәселе шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселесі. Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүр. Осы іске басқа топ та қатысқысы келеді екен. Енді құқық қорғау органдары барлық қылмыскерлерді заңға сәйкес жазаға тартуы керек. 

Ұрыстан кейін өңір басшысы ауысты. Тәртіпке жауапты болғандар да түгелдей жұмыстарынан қуылды. Ел ішіне іріткі салып, жұртты дүрліктіруге ешкімнің құқығы жоқ. Жұрт татулықты, ымырада өмір сүргенді қалайды.

Күлімхан Чарабасова, Қаракемер ауылының тұрғыны:

- Бізге тыныштық керек. Ауылымыз тыныш болса, еліміз тыныш. Өзіміз аман болсақ, нанымыз көп болса, бізге одан басқа ешнәрсе керек емес. 

Татулық барда тұрақтылық бар. Жаттанды сөз болғандай естілер. Бірақ анығы сол. Дүрбелең кезінде қырғыз асқан дүнгендер де шатақ шыққанын қаламайды. Сортөбеде өткен кездесуде олар мұны ағынан жарыла айтты. 

Эдик Суларов, Масанчи ауылының тұрғыны:

- Ондай оқиға болмау үшін біз көп жұмыс істейміз. Балаларды дұрыс жолға салуға үміттенеміз. 

Искар Лоу, Масанчи ауылының тұрғыны:

- Біздің еліміз, қазақ ағайынымыз қандай көңілді сөздерді айтып жатыр. Құдай сақтасын, бәрі дұрыс болады. Президентке дейін жетіп, өзі осы мәселені жіті қадағалап отыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Он бір адам қаза тапты. Көңіл айтамын. Иманды болсын. Бірақ өмір деген жалғасады. Бәріміз бірге болайық. Отанымыз бір. Шаңырағымыз бір. Осы оқиғадан сабақ алуымыз керек. 

Бүлік болған түні ондаған үй өртеніп, сауда нысандары қирады. Көліктерді жағып жіберді. Қазір арнайы құрылған комиссия шығынды есептеп жатыр. Дүние-мүлкі бүлінгендер енді Үкіметтен өтемақы сұрауда. Мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Бірақ барлығына бірдей емес. 

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

- Барлық өртенген нысандарды қалпына келтіру заңға сәйкес болады. Егер олардың құжаттары болмаса, рұқсатсыз салынса, онда оларға ешқандай төлем төленбейді. 

Қираған зат қалпына келер. Бірақ адам шығыны болғаны жанға батады. Қордайдағы қырғыннан 11 адамның ажал құшқанын білеміз. Сол түні 170 тұрғын ауруханаға жеткізілген. Қазір алтауы дәрігерлердің бақылауында. Біреуінің жағдайы тым ауыр көрінеді. 

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

- Өкінішке орай, он бір азамат қайтыс болды. Яғни он бір отбасы өзінің асыраушысынан айырылды. Қазір қоғамдық қор арқылы ақшалай көмек көрсетіп жатырмыз. Одан бөлек Қазақстанның барлық аймағынан гуманитарлық көмек жасалып жатыр. 

Анығы сол – қырғыз еліне үдере кеткен дүнгендер қайта оралған. Балалары мектепке барып жүр. Әрбір жеткіншек білім алуға құқылы. Кейінгі буын алаңсыз оқыса, спортпен емін-еркін шұғылданса, келешегі кемел болары сөзсіз.  

Әбдібек Сейілханов, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:

- Қазір барлық бөбекжайдан бастап, мектеп бар, басқа қоғамдық ұйымдардың барлығында ұлтаралық мәселелерді сөз қылмай, тек ғана достық, бауырмалдық, сол тұрғыдан ғана жұмыстар жасап жатырмыз. 

Жапсарлас жатқан ауылдарды сарбаздар әлі де күзетіп жүр. Жағдай толық орныққанша осында болмақ. Ел тыныштығын сақтауға үлес қосқан жауынгерлерге Президент алғыс айтты. 

Қазір Қордай ауданында 150 мыңға жуық тұрғын бар. Олар көбіне сауда-саттықпен, астық егіп, бақша өнімдерін жинаумен айналысады. Жер емген шаруалардың еңбегі де еленеді. Ендігісі тату тұрса дейсің. Өйткені бірлігі бекем елдің тірлігі де өнімді болады.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Еділ Ермекбаев, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы