399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Төтенше жағдай кезінде төменгі жалақы мөлшерінде көмек берілетін азаматтар санаты кеңейді

  • 454
  • UPD: 00:01, 01.04.2020

Төтенше жағдай кезінде тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары 800 мыңға дейін көбейеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сосын 42500 теңге көлеміндегі көмек қаржы өзін-өзі жұмыспен қамтыған және бейресми жұмыс істеген азаматтарға да берілетін болды. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей эфирде мәлімдеме жасап, Үкіметке тиісті тапсырма берді. Бұл – бір емес. Президент бизнесті қолдау, көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде бастау, несиелерді төлеу уақытын кейінге шегеру секілді біраз мәселенің басын қайырды.

«Ковид-19» әлемді қыспаққа алды. Жұмыр жердегі 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам дертке шалдықты. Кесел бізді де айналып өтпеді. Дегенмен елде індетке қарсы шаралар қабылданғаны мәлім. Барлық аймақта карантин күшейтілді. Сондықтан дүрбелеңге жол берілмейді. Вирус жұққан адамдарға тиісті көмек көрсетіледі.

Әсіресе, адам өміріне араша түсіп жатқан дәрігерлер «бүгінгі күннің батырлары» деді Мемлекет басшысы.

Инфляция өсті. Осыны ескерген Президент зейнетақы, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмекті 10 процентке индексациялауды міндеттеді. Бұл санаттағы азаматтардың кірісін арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсеттік. Енді, 42500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырамын. Соған орай, бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі.

Жалпы, 3 миллионға жуық азаматымызға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді. Атап айтқанда, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді.Тегін азық-түлік сегіз жүз мыңнан астам адамға беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырамын. Соған байланысты медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді.

Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қолға алынды. Кәсіпкерлерге көмек – уақыт талабы. «Себебі бизнес өкілдері экономиканың тірегі»,– деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керек. Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақ үй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.  Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді.

Президент айтты. 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылады. Мұның бәрі коронавирустың залалын жоюға әсер етеді. Егіс науқаны Үкімет пен әкімдіктердің жіті назарында болуы керектігін Қасым-Жомарт Тоқаев шегелеп тұрып айтты. Бұдан бөлек карантиннен елорда мен Алматы, Шымкент қалаларының маңында еңбекке қабілетті адамдардың жұмыссыз қалып жатқаны бар. Әсіресе жастар. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында тиісті шаралар қабылдауға пәрмен берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Адамдарда табыс көзі болуы тиіс. Олар жабық шлагбаумдардың арғы жағында томаға тұйық отырмауы керек. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы еңбек еткісі келгендерге келе сала ең төменгі жалақының екі еселенген көлемінде қосымша ақы беріледі. Бұл дегеніміз 85 мың теңге.

Президент сөзін сабақтай келе бизнеске тағы бір мәрте тоқталды. Шағын және орта бизнес өкілдері салықтық жеңілдікке ие болып, алған қарыздарын өтеудің мерзімі ұзартылатынын Қасым-Жомарт Тоқаев осы кезге дейін айтқан еді. Айтылғанның басым көпшілігі бүгінде іске асып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл мәселеге жеке тоқталғым келеді. Көптеген кәсіпкерлер несиелерінің проценті төтенше жағдай кезінде өсіп кетпеуі үшін банктерге бұйрық беруді сұрайды. Бірақ бұл шақта да банктерге оңай болмайтынын түсінуіміз керек. Олар да экономиканың ажырамас бөлігі. Сондықтан бұған да сабырлық танытқан жөн. Дейтұрғанмен жағдай ушықса, Үкімет пен қаржыны реттейтін органдар қосымша шаралар қабылдайды. Ал төтенше жағдай кезінде шығынға батқан шағын және орта бизнес нысандары бірінші сәуірден бірінші қазанға дейін яғни алты ай бойы салық және өзге төлемдерден босатылады.

Президенттің пәрменімен Үкімет шағын және орта бизнесті салықтың барлық түрінен үш мерзімге босатады. Бірақ жағдай оңалған соң бизнес өкілдерінің бұл төлемді қайтаруы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі серіктестерімізбен кейбір тұрмысқа қажет тауарлар түрлерінің импортына баж салығын алып тастау туралы мәселе қаралып, осы бағытта біраз шаруа қолға алынды. Бұл ретте қорғаныш құралдары, оларды өндіруге қажетті шикізат, вакцина, және диагностикаға керек заттардың тасымалы кезінде баж салығы төленбейді. Үкімет отандық бизнестің өтініш талаптарын зерделеп, олар бойынша тиісті шешім қабылдауды жеделдетуі тиіс.

Бизнес өз кезегінде өндірісті бәсеңдетпей, жұмысшыларын қысқартпай, бастысы бағаны бір деңгейде ұстауға күш салуы керек. Аталған міндеттерді орындауға Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, қажетті барлық шараны қабылдауы тиіс. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының бастамасымен құрылған Ұлттық қордағы қаражатты оңтайлы пайдалануды мықтап тапсырды. Бөлінген қыруар қаржы азаматтарымызға «Бәйтерек» және «Аграрлық несие» корпорациясы бастаған мемлекеттік институттар арқылы тікелей бағытталуы да мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл көмектер мен жеңілдіктер экспорттық әлеуеті жоғары, дамуы қарқынды компанияларға берілуі тиіс. Постдағдарыстық кезеңде мұндай кәсіпорындар экономиканы алға сүйрейтін локомотивке айналары сөзсіз. Бұл ең бастысы ашықтық болуы қажет және бөлінген қаражаттың барлығы мақсатты жұмсалуы керек. Мұның бәрін есеп комитеті және өңірлердегі ревизиялық комиссиялар мен қоғамдық кеңестер қадағалайды.

Қазір күрделі кезең екеніне дау жоқ. Бұл да өтеді. Бастысы, сын сағатта мемлекет пен қоғам бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, кеселге қарсы тұруы аса маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–Біз де бар күш-жігерімізді саламыз. Біз, мемлекет және қоғам болып барша азаматымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Мұқтаж адамдарға қол ұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық. Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан, бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін. Басты тойларымыз әлі алда. Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын!

Авторы: Қорған Төреқожа, ПТРК

Хабар 24 телеарнасы