417,87 496,90 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шағын және орта бизнес мүлік салығынан босатылды

  • 523
  • UPD: 13:51, 02.04.2020

Еліміздегі ірі сауда нысандары, ойын-сауық орталықтары, кино-театрлар, көрмелер мен қоғамдық тамақтану, қонақ үй, туристік қызмет нысандары жылдың соңына дейін мүлік салығынан босатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері де жыл соңына дейін жер салығын төлемейді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі бірінші қазанға дейін 12-ден 8 процентке төмендетілді. Төтенше жағдай кезінде салықтық тексерулер, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіру тоқтатылды. Жалпы, бұл шаралар еліміздегі 700 мың салық төлеушіні қамтиды. Осы жеңілдіктерге байланысты бюджет тапшылығын жабу мақсатында, әрі дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 4 триллион 770 млрд теңге бөлу қарастырылған. Әлемдік нарықта бағаның төмендеуіне байланысты елімізде мұнай өндіру 86 миллион тоннаға дейін азайтылды. Бұл жағдай тау-кен өнеркәсібіне де әсер етеді. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, өңдеу саласы, сауда-саттықта да өсу қарқыны төмендейді. Сондықтан Үкімет дағдарысқа қарсы бірқатар шараларды бекітіп, жол картасына бөлінген қаржы көлемін 1 триллион теңгеге ұлғайтты. Бұл 240 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 3 миллион ел азаматы 42500 теңге жәрдемақы алады. 800 мың көп балалы отбасы мен жұмыссыз адамдарға тұрақты түрде азық-түлік тегін үлестіріледі.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірледі. Республикалық бюджеттің жобасы дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға толық мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы қажетті қаржымен қамтамыз етілген және уақтылы орындалатын болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы аталып өткен шараларды қолдап, олардың маңыздылығын атап өтті. Үкімет жағдайды қатаң бақылап отыр. Елдің әлеуметтік экономикалық тұрақтылығын қамтамыз ету үшін барлық қажетті ресурс бар.

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы