422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды – Елбасы

  • 658
  • UPD: 20:34, 08.04.2020

«Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдалансақ, бұл қаржы басқа түскен сынды қасқайып тұрып еңсеруге мүмкіндік береді».

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін жариялаған мақаласында осылай деп жазған. «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп аталған бұл жазбасында Елбасы өткенді саралап, бүгінгіні бағамдап, болашақты бағдарлады.

«Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін». Елбасы мақаласын осылай бастады. Ал мақаланың нақты аспектілеріне келетін болсақ...

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мақаланың нақты аспектілеріне келетін болсақ, өздеріңізге белгілі, бағытталған дүниесі біріншіден мемлекетке қолдау көрсету, Мемлекет басшысына қолдау көрсету. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, тәртіпке бағынған құл болмайды. Барлық жасалып жатқан жағдайлар еліміздің қауіпсіздігі үшін бағытталғаны айтылған.

Тұтқиылдан келген індет барша адамзатқа қауіп-қатер төндірді. Қазірдің өзінде дүние жүзінде 1 миллион 400 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, ондаған мың азаматтың өмірі қиылды.

Біздің ел әлем бойынша алғашқылардың бірі болып қауіпті дерттің алдын алуға кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнайы дайындықтан өтті. Вирустың пайда болуы, пандемияның өршуі бақыланды. Нәтижесінде індеттің жаппай етек алып кетуіне жол берілмей, ахуал күн сайын назарда ұсталды. Осының бәрін мақаласында қамтыған Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет барлық міндетті орындайтынын жеткізді. Ертеңгі күнге деген халық сенімін нығайту үшін. 

Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Елбасы айтқандай, міндеттемелерді мемлекет орындайды. Орындап келе жатыр. Оның ішінде кәсіпкерлерді қолдау, жағдайы нашар азаматтарды қолдау сияқты міндеттемелерді өткенде ғана Президентіміз үндеуінде жариялаған сөздердің бәрін ол кісі мақұлдап, бәрі орындалатынын қосып айтты.

Міндеттерді орындау үшін қаражат керек қой. Қаржы қайдан алынады? Қиындық туғанда ешкімге алақан жаймас үшін ұрпақ қамы, ел болашағына деп Ұлттық қор мен алтын-валюта қоры құрылды кезінде, Елбасының бастамасымен. Бұл қазынада осы күні 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ал қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Ақиқат. Ертеректе сол қордағы қаражаттың бәрін таратып берейік дегендер де табылған. Бірақ өмір қабылданған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті. Енді қордағы қаражат қиын шақта жұрттың тұрмысын тоздырмауға, экономиканы тұралатпауға жұмсалады. Мақалада Тұңғыш Президент осының бәрін тайға таңба басқандай жазды.

Алмас Арзықұлов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері:

– Еліміз үшін, қала берді бүкіл әлем үшін осындай қиын кезде Елбасымыз жұртымызды сабырға шақырып, ақ тілеулі сөзін арнады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығына көмек көрсету туралы шешімі дұрыс болғанын, ал енді осы шараларды Үкімет пен жергілікті органдардың дұрыс және уақытылы орындағаны маңызды екендігіне тоқталды.

Нақтырақ айтсақ, әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспар һәм нық сеніммен әрекет етуге тиіс. Уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Ал «Nur Otan» партиясының мүшелері осы жұмыстардың алдыңғы қатарынан табылуы керек деді Елбасы. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мақаламен танысып шықтым. Елбасы ағымдағы жағдайға өз көзқарасын білдіріп отыр. Елбасымыз Тұңғыш Президент ретінде қазір мемлекетіміздің жұмыстарына моральдық, этикалық, рухани баға беруде. Оның айтуынша, қазір әкімшіліктердің де жұмыс форматы өзгеру керек.

Дәл қазір бүкіл адамзат болашақтың жолайрығында тұр. Әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген бұрын-соңды болмаған проблемалар әлем елдерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Бұл шақта ең қымбаты – тұрақтылық.

Ахмет Мұрадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл шақта ең бастысы бірлік, өзара түсіністіктің мән маңызы арта түспек. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев елдегі бизнес өкілдерін де халыққа көмектесуге шақырды. Себебі олардың аяққа нық тұруы үшін Тәуелсіздік жылдары талай мүмкіндік, қолдау жасалды. Осы шарапатты көргендер елең-алаң кезде тасада қалмай, экономикамызды ілгерілетуге, жұрттың әлеуетін арттыруға бар күш-жігерін салуы керектігін де Елбасымыз анық айтты.

Бүгінгі Қазақстанды бұрынғы Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан да біздің жұрт өткен. Қазір не ішіп, не жейміз деген заман емес. Бұл індетті халықтың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімінің арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажеттісі – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ» деп түйді Елбасы.

«Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды».

Авторлары: Қорған Төреқожа, Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы