432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан Президенті бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

  • 140
  • UPD: 22:13, 01.10.2020

Президент бірқатар мемлекеттің елшілерін қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дипломаттар Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсырды. Бұл қатарда Беларусь, Финляндия, Австрия, Мажарстанның елшілері бар. Ақордада өткен кездесуде Мемлекет басшысы елшілердің міндеті – елдер арасындағы байланысты бекемдей түсу екенін қаперге салды.

Біздің ел «дос боламын» деген құшағын айқара ашады бұрыннан. Тәуелсіздік жылдарында жұмыр жердегі мемлекеттермен Қазақстан байланысын мығымдады. Сенім грамотасын тапсырған Беларусь, Финляндия, Австрия, Мажарстанның елшілері енді арадағы сабақтастықтың жалғана беруі жолында алтын көпір болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өздеріңіз келіп отырған төрт мемлекеттің әрбірімен де қарым-қатынасымыз өте жақсы. Біздерді сан-сала байланыстырады. Сондықтан мемлекеттер арасындағы тиімді ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне күмәнім жоқ. Менің Жолдауыммен де танысқан боларсыздар. Бұл құжат елімізді одан әрі жаңғыртуды, демократияны өркендете түсуді көздейді.

Қазіргі жағдайда екіжақты байланыстарға да, жаһандық өлшемге де әсер ететін жаңа күн тәртібін қарастыру міндеті тұр. COVID-19 қарым-қанынастың нығаюына кедергі болмауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өзара түсіністікті нығайту үшін еліміздің Үкіметіне де, өздеріңіздің үкіметтеріңізге де көмектесесіздер деп үміттенемін. Қазіргі уақытта бұл аса маңызды. Көптеген мемлекеттің арасындағы осындай өзара түсіністіктің жоқтығы халықаралық қатынастардың шиеленісуіне алып келеді. Мәселенің мәні осында. Білемін, қызметтеріңіз қиын. Алдарыңызда тұрған дипломатиялық зор міндеттің дұрыс жүзеге асуына біздің Үкімет, Сыртқы істер министрлігі, өзге де мемлекеттік органдар көмектесетін болады.

Беларусь – одақтасымыз. Сәйкесінше сан салада серіктеспіз. Әсіресе ауыл шаруашылығында әріптестігіміз мығым. Біздің елде техникалар шығаратын екі мемлекеттің бірлескен кәсіпорындары бар.

Арадағы достық байланысты күшейте түсуді Беларусь Президенті де жіберген елшісіне міндеттепті.

Павел Утюпин, Беларусь республикасының қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко маған екі ел арасындағы қазіргі достық байланысты одан әрі бекемдеп, саяси, сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыда қарым-қатынасты нығайта түсуді бұйырды. Екі мемлекетте әлемдік аренада интеграцияның өрісін кеңейтіп келеді. Өңірлік, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстанға да, Беларуське де аса маңызды. Байланыстарды дамыта түсуге бар күш-жігерімізді салатын боламыз.

Ал Австрия елшісі Қазақ елінде қызмет ету бақыты бұйырғанын зор мақтанышпен айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халыққа арнаған Жолдауымен де таныс. Осы құжаттағы басымдықтар төңірегінде енді Қазақстан мен Автрия арасындағы байланысты бекемдеуге бел буыпты.

Вилли Кемпель, Австрия республикасының қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Қазақстан Президентінің Жолдауында логистика, сауда, инфрақұрылымды дамытуға, білім-ғылымды, денсаулық саласын жақсартуға, шағын және орта бизнесті өркендетуге зор мән берілген. Елдеріңіздегі қызметім осы салалармен тығыз байланысты болады деп ойлаймын.

Ал Мажарстан елшісі тарихи тамырлас екенімізді тілге тиек етіп, аралас-құраластығымыздың әріден бар екенін атап өтті. Ал Финляндияның дипломатиялық миссиясының басшысы екі елді жыл мезгілімен байланыстыра сөйледі.

Михай Матяш Галошфаи, Мажарстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Елдерімізді достық қана байланыстырып қоймайды. Тарихи тамырласпыз. Ғұн, Қыпшақтың ұрпақтары бүгінде Мажарстанның екі облысында тұрады. Олар өздерінің салтын сақтап келеді. Қос мемлекеттің арасында барлық салада қарым-қатынас жақсы жолға қойылған дер едім. Қазақстан Мажарстанның Орталық Азиядағы стратегиялық әріптесі саналады.

Сойли Макелайнен-Буханист Финляндия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Қызметімнің барысында екі елдің халқы бір-бірін жақсырақ тани түсуге бар мүмкіндігімді саламын. Екі елде де қыс қатты. Тиісінше, осы мезгілдегі спорттық ойындар да жақсы дамыған. Әлемде пандемия аяқталған соң Қазақстан мен Финляндия арасында студенттер мен бизнес өкілдері жиірек қатынайды деп үміттенемін. Экономикалық, сауда қатынастарды дамыта түсуге бар жағдай жасалады. 

Сенім грамоталарын қабылдаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтады. Жауапты қызметтеріне табыс тіледі. Сөйтіп әріптестері – Беларусь, Финляндия, Австрия және Мажарстан мемлекеттерінің басшылары мен үкіметтерінің жетекшілеріне жүрекжарды сәлемін жолдады.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы