Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 74
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 144
388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қысқы Олимпиада: Жарыс иелеріне еліміздің атынан естелік сыйлық табысталды

  • 636
  • UPD: 11:40, 08.02.2018
Қысқы Олимпиада: Жарыс иелеріне еліміздің атынан естелік сыйлық табысталды Фото: okknews.ru

Қазақстан – XXIII Қысқы Олимпиада ойындарының толыққанды қатысушысы. Бүгін Олимпиада астанасы Пхенчханда көк ту ресми түрде көтеріліп, еліміздің әнұраны ойналды.

Үмітін үкілеген 92 ел. Бүгін XXIII Қысқы Олимпиада ойындарының астанасы Пхенчхан қаласында кешенді сынға қатысатын мемлекеттердің туын көтеру рәсімі өтті. Қазақстанның да көк туы Оңтүстік Корея аспанында желбіреді. Енді Қысқы Олимпиада ойындары аяқталғанша екі апта бойы еліміздің көк жалауы Корея жерінде желбіреп тұрады.

Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты қарсаңында дәстүрге сай мемлекеттердің туы көтеріледі. Бұл кешенді сынның бұлжымас қағидасы. Бүгінгі салтанатты шарада Қазақстан құрамасының спортшылары мен делегация мүшелеріне құрмет көрсетілді. Ұйымдастыру комитетінің өкілі біздің елдің ұл-қыздарына сәттілік тілеп, Оңтүстік Кореяға келген қонақтарға алғысын жеткізді. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбеков жарыс иелеріне еліміздің атынан естелік сыйлық табыс етті.

Сәкен Мұсайбеков, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

Біздің спортшыларымыз 57 лицензия ұтып алды. Қазақстаннан осы жарысқа 46 спортшы қатысады. Олар дайындалып жатыр, олар дайын. Қазір тек фристайл акробаттары мен мәнерлеп сырғанаушы спортшыларды күтіп отырмыз. Бірінші жарыс 9 ақпанда басталады. Фристайл могулдан жарыстар таулы ауылда өтеді.

Биыл Қысқы Олимпиадаға қатысушы елдер саны рекордтық көрсеткішке жетті. Тұңғыш рет Африка құрлығының алты мемлекеті келіпті. Сонымен қатар Латын Америкасының да төрт елі қысқы ойындарға қатысады. Бүгін қазақ елімен бірге Украинаның және Монтенегро елінің туы көтерілді. Салтанатты шараға шаңғышы Алексей Полторанин мен фристайл шеберлері Юлия Галышева, Аяулым Әміренова және биатлоншы қыз-жігіттер қатысып, Олимпиада қарсаңындағы өз әсерлерімен бөлісті.

Аяулым Әміренова, Фристайлдан Қазақстан құрамасының мүшесі:

Бұл – менің алғашқы Олимпиадам. Өте қатты қобалжудамын. Бірақ Қазақстанның осындай деңгейге жетіп, туымыздың көтерілгеніне өте қуаныштымын.

Юлия Галышева, Фристайлдан Қазақстан құрамасының мүшесі:

Мен үшінші Олимпиадама келіп отырмын. Бірақ алғаш рет ту көтеру рәсіне қатыстым. Бұл жерде Қазақстанның барлық спортшылары жиналады. Бір-бірімізбен әңгімелесіп, жарыстарда сәттілік тілеп, бір жасап қаламыз.

Галина Вишневская, Биатлоннан Қазақстан құрамасының мүшесі:

– Қазір жарақаттан айығып, қалпыма келдім. Енді жақсы нәтижеге ұмтыламын. Себебі соңғы төрт жылда көп жұмыс істедік. Өткен Олимпиада ойындарындағы қателіктерден сабақ алдық. Жетістікке жетуге шамамыз жетеді.

Қазақстан құрамасының қыздары Қысқы Олимпиада додасына дайынбыз дейді. Фристайлшы Юлия Галышева да нағыз бабына енгенін айтады. Біздің спортшылар олимпиадалық жарыс алаңдарының қыр-сырымен танысып, бірнеше мәрте жаттығу жасап шықты. Енді өткен төрт жылда төккен тердің өтеуін күтеміз. 

Авторлары: Қанат Базылхан, Ерсін Мұханбеталин

Хабар 24 телеарнасы