385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Фристайлшы Ю.Галышева елімізге Ақ Олимпиаданың алғашқы медалін алып берді

  • 867
  • UPD: 23:00, 11.02.2018
Фристайлшы Ю.Галышева елімізге Ақ Олимпиаданың алғашқы медалін алып берді

Юлия Галышева – қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Кешенді сынның екінші күнінде Қазақстан спорты табысқа кенелді.

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де. Юлия Галышеваның жеңіске жетуіне «хабарлықтардың» әсері болды деймін. Дәлел керек пе, көлденең тартайық. Біздер шаңғы жарысынан есеп беріп, Феникс паркке беттегенде могулшылар жарысқа кірісіп кеткен еді. Өзі Самұрық құстың ұясындай аренаға жетуің мұң. Төте тартуға болмайды. Кедергі біткенді айналып өткенше талай уақыт. Межелі жерге жеткенде Юлияны кездестірдік. Анығында біз келгенде ол өнер көрсетті. Содан кейін үштікке еніп, орнын біреу басқанша төрде отырды. Өзгелері ұпайды күреп алғаннан кейін бері беттеді.

Амангелді Сейітханов, тілші: 

- Алтылыққа енбесе финалға шықпайтын еді. Көңілі пәс тартыпты. Сосын айтамыз ғой, Юлия сұхбат алайық деп. Баяу жүріп, басын шайқады. Біздер қайрай бастадық. Өмір әлі алда. Сәтітілік пен жеңіс қатар жүреді. Юлия шыр ете қалды. Әне алтылыққа іліндім. Әлі үміт үзілген жоқ. Деді ол таяғын сермеп. Ұмтыл дедік онда. Ұмтылсын. Үзілмепті үміт. Қайта біздер от берген секілдіміз – тосыннан үрейін үркітіп жіберіппіз. Юлия жоғары самғады. Содан финалда бірінші болып өнер көрсетті. Ешкімге дес бермейтін Перин Лаффонт іле-шала түсіп, бірінші орыннан негізгі үміткер өзі екенін дәлелдеді. Ол да дұрыс. Енді Канада туы астында өнер көрсететін Жюстина Даффур – Лаппуант жарыс жолымен құлдилады. Ол да мықты. Дұрыс. Әзірше екінші. Юлия әлі де төрде отыр. Могулдағы салт осы, үздік үштік төрге шығады, қалғандары соларды ысыруды ойлайды. Енді Энди Науд бар. Рас, Джакара Энтониді есепке алмаймыз. Юлияны айналып өте алмайтыны белгілі болды. Энди құстай ұшып келе жатты да қателесті. Жарыстан шығып қалды десе де болады. Юлия Галшыева еліміздің шығысында дүниеге келген қаршадай қыз Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.

Юлия Галышева, Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Үнемі жетінші орын. Анда да, мында да. Сенбесеңіздер Никита Калмыковтан сұраңыздар. Оған айттым. Бұл жолы да жетінші орын деп. Сөйтіп, алтыншыға ілігіп, финалға шықтым. Енді қола медаль. Кімге арнаймын дейсіз бе? Әрине менің сүйікті елім Қазақстанға! Қазақстанға арнаймын! Қандай ғажап, сен кез келген құрметке лайықсың, Қазақ елі. 

Авторлары: Амангелді Сейітханов, Ольга Цой

Хабар 24 телеарнасы