366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда 2019 жылғы Қысқы Универсиада ойындарының алау эстафетасы өтті

  • 206
  • UPD: 08:03, 25.09.2018

Алматыда 2019 жылғы Қысқы Универсиада ойындарының алау эстафетасы өтті. Естеріңізге салайық, студенттердің келесі жылғы қысқы додасы 2-12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан бір апта бұрын Туринде тұтанған алаудың Алматыға келуі тегін емес. Бұл халықаралық студенттер спорты федерациясының қазақ еліне деген алғысы. «Алау эстафетасын қабылдауға әлемнің көптеген қалалары ұсыныс білдірді. Бірақ біз екінші кезеңнің Алматыда өтуін бірауыздан қолдадық. Өйткені Универсиада деңгейін биікке көтерген қазақ елінің халықаралық студенттер спортына сіңірген еңбегі ерен», - дейді ФИСУ президенті Олег Матыцин мырза. Красноярскі Универсиадасы дирекциясының директоры Максим Оразов осынау кешенді жарысқа дайындық барысында Қазақстаннан көп тәжірибе алғанын айтып ағынан жарылды.

Максим Оразов, «Красноярск дирекциясы 2019» бас директоры:

- Біз 28-ші Қысқы ойындардың өте жоғары деңгейде өткеніне куә болдық. Бұл әлемдегі ең үздік Универсиада болып тарихта қалды десем, артық айтылғандық емес. Ине-жіптен жаңа шыққан спорт кешендеріңізді көріп Қазақ спортының болашағын жарқын екеніне көзіміз жетті. Біздің ұжым сол кезде Универсиада дирекциясымен қоян-қолтық жұмыс жасады. Енді бізде студенттер сайысын ел есінде қалатындай етіп өткізу үшін жан-жақты дайындық жүргізіп жатырмыз. Сіздерден алған тәжірибе көп көмегін тигізуде.

Универсиада алауын Алматы төрінде 14 адам алып жүрді. Бұл шараға Ермахан Ибрайымов пен Қанат Ислам секілді даңқты спортшылармен қатар қаладағы жоғарғы оқу орындарының ректорлары, және әр саланың үздіктері қатысты. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайынан басталған Алау эстафетасы Абай көшесінің бойымен жалғасып, Республика сарайының алдында мәреге жетті.

Қанат Ислам, кәсіпқой боксшы:

- Иә, өте қуаныштамын. Бұл біздің артымыздан өсіп келе жатқан жас спортшыларға үлкен бір жігер деп ойлаймын. Осыны көріп, қаншама біздің жас жігіттер студенттер, спортқа деген өзінің қызығушылығы оянып, болашақта қазақтың көк туын үлкен Олимпиадаларда көтереді деп ойлаймын.

Ермахан Ибрайымов, Олимпиада чемпионы:

- Мен өзім алауды бірнеше рет ұстап жүрдім Пекин Олимпиадасы, Лондон Олимпиадасы бар. Бірақ бұл жолы менің көңіл-күйім өте көтеріңкі. Алматыда керемет ауа райы жастардың да көңіл-күйі керемет.

Ұйымдастырушылардың айтуынша Универсиада алауының эстафетасы 164 күнге жалғасады. 665 алаугер қатысатын шара енді Қытайдың Харбин қаласында жалғасын табады. Содан кейін Мәскеуге келіп  Ресейдің 17 қаласын аралаған соң 1 наурыз күні алау Красноярск қаласына жеткізіледі.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы