360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлда экваторды 4 рет жүгіріп өткен қария тұрады

  • 217
  • UPD: 08:28, 01.10.2018

Петропавл қаласында өмірінде 165 мың шақырымды жүгіріп өткен Вячеслав Махнев тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ескі көліктің жүрісімен бірдей. 70 жастағы Вячеслав Махнев соңғы 10 жылда әйелімен бірге жүгіріп жүр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Twitter@91Aidarbek

– Ертеңнен бастап таңертең ерте тұрып, жүгіремін деген сөзді әрқайсымыз айтамыз. Бірақ деніміз еріншектікке ерік беріп, тағы да «ертеңге» саламыз. Бүгін соның сәті түсті.

Ал бұл – Вячеслав Махневтің үйреншікті дағдысы. Зейнеткер жүгіруді жаттығудан бастайды. 70 жасар қария үшін 10-15 шақырым түк емес. Биыл оның жүгіріп жүргеніне жарты ғасыр, нақтырақ 55 жыл болды.

Вячеслав Махнев, қала тұрғыны:

– Бірде әйелім екеуміз қаладан алысқа ұзап кеттік. Аяқ астынан аспан бұлттанып, жаңбыр нөсерлетіп құйды. Үсті-басымыз су болды. Бірақ тоқтамадық. Бізге жауын да, қар да кедергі емес.

Ақсақал атлеттің әйелі Флюра Невешкина күйеуіне 10 жыл бұрын қосылды. Жолдың жиегінде жүгіріп бара жатқан жұпты күнде кешке байқауға болады. «Бірақ жолда жастарды көрмейміз», – деп қынжылады олар.

Флюра Невешкина, қала тұрғыны:

– Жастар бірден алысқа жүгіресіңдер. Сондықтан тез шаршап, беттерің қайтып қалады. Денені бірте-бірте үйрету керек. Бір шақырымнан бастап, күнбе-күн қоса бересіз. Сонда ғана жүгірудің рахатын сезесіз.

Ерлі-зайыптылардың бірінші марафоны – 45 шақырым. Ұзақ қашықтықты олар 4 сағат 45 минутта бағындырды. Екеуі бір-бірінсіз мәреге жеткен емес. Өмірде де солай.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Twitter@91Aidarbek

– Ештен кеш жақсы. Сондықтан сіз де ертеңнен қалмай, таңертең ерте оянып, жүгіруге шығыңыз.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Вадим Пятков

Хабар 24 телеарнасы